Жаңақала даму серпіні орташа аудан ретінде бағаланды

ОРАЛ. 22 маусым. ҚазАқпарат -  21 маусым күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев бастаған топ Жаңақала ауданында болып, көшпелі кеңес өткізді.

Жаңақала даму серпіні орташа аудан ретінде бағаланды

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Руслан Бектемірдің айтуынша, Жаңақала ауданы экономикалық даму серпіні бойынша 2012 жылдың  бірінші қаңтарында облыста қала мен аудандар арасында 12-орында болса, осы жылдың бірінші тоқсанында 9-орынға шығып, экономикалық даму серпіні орташа аудандар қатарында болды. Рейтингтік 17 көрсеткіштің 10-ы оң, 6-нан теріс серпін байқалады.

Ауданда  бөлшек тауар айналымы жақсарған. 2012 жылдың бірінші тоқсанында 440,9 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,6 пайызға өскен.

Негізгі капиталға салынған инвестицияда да өсу бар. Бұл көрсеткіш үстіміздегі жылдың қаңтарында 609,7 млн. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,8 пайызға көбейген. Сол сияқты салықтық және салықтық емес түсімдер биылғы жылдың бірінші тоқсанында алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,9 пайызға, бюджеттік меншікті табыстар көлемі 18,4  пайызға артқан. Рейтинг бойынша дамуы теріс болған салалар қатарында ауыл шаруашылығын, құрылыс, өнеркәсіп, білім мен құқық саласы аталды.

Облыстық қаржы басқармасының бастығы Айгүл Салахатдинова бюджеттік сала бойынша ауданға оң баға берді. Аудан салықтық және салықтық емес түсімдер бойынша 2011 жылы 8-орында болса, 2012 жылдың бірінші тоқсанында 6-орында, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер бойынша 2011 жылы 7-орында болса, биылғы бірінші тоқсанда 8-орында, ал бюджет жоспарының орындалуы бойынша 4-орында келеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Шағуан Ибрагимовтің атап өткеніндей, аудан негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Жері жартылай шөлейтті болғандықтан, өсімдік шаруашылығы дамымаған. Алдыңғы жылдармен салыстырмалы алғанда ауданда мал басы санының кемуі орын алып отыр. 2011 жылы ірі қара 11,2 пайызға, оның ішінде аналығы 5,2 пайызға, қой 2 пайызға, ешкі 2,3 пайызға, түйе 20,5 пайызға, құс 52,5 пайызға азайған.

Басқа да салалар бойынша жетістік-кемшіліктер айтылып, сараланды.