Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жаңақалада өмірден ерте кеткен айтыс ақыны А.Ищановты еске алуға арналған айтыс өткізілді

ОРАЛ. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданында өмірден ерте кеткен айтыс ақыны Асылбек Ищановты еске алуға арналған айтыс өткізілді. Оған «Нұр Отан» ХДП Жаңақала аудандық филиалы мен «Жаңақала ертеңі» жастар қоғамдық бірлестігі мұрындық болды.

Жаңақалада өмірден ерте кеткен айтыс ақыны А.Ищановты еске алуға арналған айтыс өткізілді

Айтысқа Батыс Қазақстанның жас ақындары қатысты.

Жеребе жұптаған жаңақалалық Ақтілеу Құспанов пен ақжайықтық Мирман Шәкеновтің қысқа қайырымдары мен екінші жұптағы сырымдық Санат Кәрімов пен казталовтық Естеміс Мұхамбетовтің айтыстары көрермендердің көңілін көншіте алған жоқ. Бірінші кезеңде Ақжайықтың айтулы айтыскер ақыны Сағынтай Бисенғалиевтың ұлы Айнабек пен жаңақалалық оқушы Орынбек Меңдіқұловтың арасындағы сайысы жұртшылықты бір желпіндіріп тастады.

Төртінші жұп теректілік Эльдар Ихсанов пен бөрілік Жарқынбек Шынтаевтың айтыстары көп күткен деңгейде өрбіді. Айтар ойларын жарасымды қалжыңмен айшықтаған қос ақын тақырыпты да аша білді. Сыр мінез ақындардың бұрын топқа түскендері көрініп тұрды.

Алғашқы кезеңнің тартымды, қызу айтысы оралдық Талғат Мықи мен жаңақалалық Шерхан Талаповтың сөз қағысы болды. Бұған дейін жазба ақын, журналист болып таныла бастаған Шерхан айтыскер ретінде де жаңа қырынан көрініп, айтыстың «жас перісі» атанып үлгірген Талғат Мықимен терезесі тең дәрежеде сөз қағыстырды.

Екінші финалдық кезеңге үш жұп жіберілді.
Өлеңмен өре білсем тұғырымды,
Әрқашан биік қылам тұғырымды, - деген Орынбек:

Сен түгіл, мықты деген Айнабек те,
Орнына Орынбекті қоя алмаған, - деп қарсыласына сес көрсетсе, тісқақты Эльдар:

Бір асылдың шықпауы мүмкін бе еді,
Асылбектей асылдар жатқан жерден, - деп «бала ақынды» басынан сипады.

Екінші жұптағы Шерхан мен Жарқынбек те құлашты кеңге сермеді.

Ал, сыралғы Айнабек пен Талғат бұл жолы да үлгілі айтыс көрсетіп, Асылбектей ақберен ұлдарынан кейін айтысқа сусаған жаңақалалықтардың мейірімін бір қандырды.

Айтысты қорытындылаған қазылар үшінші орынды теректілік Эльдардың қанжығасына байлады. Екінші орынға ертеңінен үлкен үміт күттірген Шерханды лайық деп тапты.

Көмбеге үзеңгі қағыстырып, бірінен-бірі бір елі қалмай қатар өткен қос ақын Талғат пен Айнабек еді. Бас жүлдені қазылар Айнабек Бисенғалиев иеленсе, бірінші орын Талғат Мықиға тиді.

Сөйтіп, Жаңақалада Асылбектің атымен тағы бір үлкен шара өтіп, мәресіне жетті.