Жаңақалада Жаңажол дәрігерлік амбулаториясы қайта ашылды - БҚО
ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданында Жаңажол дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.
Амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізуге биыл облыстық бюджеттен 20 млн. 460 мың теңге қаралып, жұмысты атқару «Армут» ЖШС-не тапсырылған болатын. Тынымсыз жұмыс істеген «Армуттың» құрылысшылары аз уақыт ішінде амбулатория төбесінің ағашын, шатырын алмастырды, ішіне кафель төсеп, бөлмелерге еурожөндеу жүргізді. Сөйтіп, қысқа мерзімде ескі жай сырты ауыл ажарын ашар, іші жанды жадыратар әсем ғимаратқа айналып шыға келді.
Нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Лавр Хайретдинов елімізде мұндай оң өзгеріс-жаңалықтардың аз емес екендігін айтса, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева алдағы жылы Жаңақазан ауылында да осындай қуаныш болатынын жеткізді.