Жаңақалада жәрмеңке өткізу игі дәстүрге айналып келеді - БҚО

ОРАЛ. 17 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Жаңақала ауданында ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін өткізу игі дәстүрге айналып келеді.

Жаңақалада жәрмеңке өткізу игі дәстүрге айналып келеді - БҚО

Биыл жәрмеңке аясы бұрынғыдан да кеңейе түсті. Айталық, аудандағы 68 кәсіпкермен қатар Зеленов, Ақжайық, Теректі аудандарының шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұсынды. Олар өз өнімдерін делдалсыз әкелетіндіктен, тауар бағасы жоғары болмайды. Мәселен, сиыр етінің келісі 750 теңгеден, қой еті 720 теңгеден, жылқы еті 800 теңгеден, қазы 2 мың теңгеден сатылса, басқа аудандардан келген кәсіпкерлер бидай, арпаларын, түрлі көкөністерді жаңақалалықтар үшін қолайлы бағаға өткізді.

Аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің айтуынша, мұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалуда. Соңғы кезде осы бағытта бірқатар нысандар іске қосылды. Мәселен, Сапар Тілеуғалиевтің орталық базары, Талғат Байкеновтің автокөлік жуу цехы, Ақылбек Дәулетқалиевтің бөдене бағатын орны тұтынушылар көңілінен шыға бастады.