Жаңалық елді мекенінде қуғын-сүргін құрбандары еске алынды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сталиндік зобалаң кезінде, яғни 1929 жылдан 1953 жылға дейін Кеңес Одағында 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Бұлардың ішінде 103 мың қазақстандық бар. Олардың 25 мыңы ату жазасына кесіліп, бақилық болған. Осы 25 мың жазықсыз жапа шеккен азаматтардың 3 мыңы Жаңалық ауылында жерленген.
Бүгін осы жазықсыз атылған 3 мың жанның басына қойылған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, естеліктер айтылды. Құран оқылып, ас берілді. «Кінәсіз атылып, осы маңайдағы шұңқырларда беттері шала-шарпы жабыла салған, сол аяулы арыстарымызды арулап қайта жерлегеніміз, бастарына белгі орнатып, жыл сайын дәл осы күні еске алып, тәу етуге жиналатынымызды бабалар алдындағы мәңгілік парызымыз деп білемін. Саяси-қуғын-сүргін құрбандарын еске алу біздің әруақтар алдындағы қасиетті борышымыз» дейді Талғар ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев.
Шараға 200-ден астам қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, Алматы қаласы мен облысы әкімдігінің, саяси партиялардың өкілдері қатысты.