19:00, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жаңаөзен қаласында екі күнде 30 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 17 оқиға тіркелді
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Жаңаөзен қаласында жүргізілген «Құқық тәртібі» жедел-алдын алу шараларының алғашқы екі күнінде 30 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 17 оқиға анықталды.

Оқиғалардың бесеуі қылмыстық құраммен, соның ішінде 3 факті есірткі заттарын сақтау және алып жүруге байланысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ОІІД-не сілтеме жасап.«Жедел-алдын алу шарасын өткізу туралы шешімді облыстық ішкі істер департаменті басшылығы қаладағы ушығып кеткен қылмыстық ахуалдың бетін қайтару үшін қабылдап отыр. Оған қалалық ішкі істер бөлімінің барлық жеке құрамымен қатар департаменттің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының, қоғамдық қауіпсіздік басқармасының, жол полициясы басқармасының және «Арлан» арнайы жасағының жетекші бөлімшелерінің қызметкерлерінен құралған қосымша күш жұмылдырылды. Қосымша күш төрт бағдар бойынша бөлініп, қаланың қылмыс жағдайы асқынып тұрған бөліктері мен қала маңындағы Теңге, Рахат елді мекендерінде сағат 20:00 мен 04:00 аралығында рейдтер жүргізді. Бүгін шараның соңғы күні. Өткен екі күнде есепте тұрған 67 адам тексеріліп, 64 адам көшеден айықтырғышқа тапсырылды. Шара аясында қалада жезөкшелер ұстайтын жасырын ұя да анықталды. 27 қаңтар күні сағат 23:40-та ескі Жаңаөзен қаласындағы теміржол вокзалы жанында орналасқан саунада 2000 теңгеге қыз саудалап тұрған әлгі жезөкшелер ұясының иесі, 39 жастағы Ж. есімді әйел ұсталды. «Жеңгетайлық ету» фактісі бойынша ҚР ҚК 271 бабымен қылмыстық іс қозғалды.