13:21, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жаңаөзен қаласындағы орталық ауруханада дермото-венерологиялық бөлімше ашылды
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Жаңаөзен қаласындағы орталық ауруханада дермото-венерологиялық бөлімше ашылды. Бөлімшеде 40 төсектік жатын емделу орны мен 50 науқасқа арналған емхана бар. Құрылысы былтыр басталған нысанға 127 млн. теңге жұмсалған,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап. «Бұған дейін бұл бөлімше барақ ғимараттарда, уақытша мекемелердің бөлмелерінде, медицинаға арналмаған жайларда жұмыс жасап келген болатын. Енді орталық ауруханаға жапсарлас жаңа ғимаратқа орналасты. Бөлімшеде стационар мен емханадан басқа материалдық-техникалық базасы жабдықталған зертхана және сәуле көзімен емдеу аппараты бар. Сондай-ақ физиотерапиялық ем қабылдау және орталық залалсыздандыру бөлмелері жұмыс істейді. Жаңа бөлімшеге әлі де жетіспейтін емдеу құрал-жабдықтары бар. Осы керек-жарақтарды алу үшін тағы да 5 млн. теңге бөлдіруге шешім қабылдап отырмын», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Серікбол Мусинов.
Бүгінде Жаңаөзен қаласында барлығы 13 медициналық мекеме бар. Оларға өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілді, ал жедел жәрдем стансасына 10 автокөлік сатып алынған. Биыл 100 орындық перзентхана салу жоспарланып отыр.