Жаңаөзен қаласының 2 мектебі электронды оқыту жобасына кіреді - Б. Жұмағұлов
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - 9 - 10 қаңтарда ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Маңғыстау облысының бірқатар білім мекемелерінде болды.
ҚР БҒМ-нің баспасөз хабарламасында көрсетілгендей, Б. Жұмағұлов Жаңаөзен қаласындағы балалар үйіне және №14 «Шынар» мектепалды дайындық мекемесіне барып қайтты. Ол 150 оқушыға республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына жолдама берді. Сондай-ақ ол №21 орта мектепте қалалық білім саласының қызметкерлерімен кездесті.
Жаңаөзен қаласында өткен кездесулердің барысында министр қаланың 2 мектебі электронды оқыту жобасына кіретінін атап өтті. Сонымен қатар қаланың 5 мектебі жаңа модификациядағы химия кабинеттерімен қамтамасыз етіледі.
Б. Жұмағұлов сонымен бірге Жаңаөзен мектептеріне ағымдағы жылы 300 компьютер жеткізілетінін, қаладағы үш колледжді материалдық-техникалық жарақтауға 50 млн. теңге бөлінетінін тілге тиек етті.
Министр Ақтау қаласында облыс бойынша білім саласының қызметкерлерімен кездесіп, дарынды балаларға арналған әртүрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын облыстық мектеп интернатына және Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне барды.