Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі О. Сарбөпеевтің ісі сотқа тапсырылды - Қаржы полициясы

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Парақорлығы және қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған деген айыппен қамауда отырған Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі О.Сарбөпеевтің ісі сотқа тапсырылды.

Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі О. Сарбөпеевтің ісі сотқа тапсырылды - Қаржы полициясы

Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер бойынша Астанадағы брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Ол «ӨзенҚұрылыс» ЖШС үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында «Жарылқау» қоғамдық қорының жетекшісіне жоғарыда аталған кәсіпорынмен Жаңаөзен қаласында 200 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жөнінде келісім-шарт жасауға нұсқау беруі арқылы өзінің өкілеттігін теріс пайдаланған деп айыпталуда», - деді ресми өкіл.

Оған қоса Сарбөпеевке аталған объектіні салу барысында жұмыстарды заңмен қарастырылған тәртіптен тыс төлеу түрінде қолайлы жағдай жасағаны үшін «ӨзенҚұрылыс» ЖШС директорынан 6 млн. теңге және 50 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған, сондай-ақ, аумағы 300 шаршы метрді құрайтын дүкенді қайтарымсыз салу түрінде мүліктік пайда тапқан деген айып тағылды.