Жаңаөзен тұрғындары: қаладағы жағдай тұрақты, қаланың сыртқы келбеті қалпына келтірілді, дүкендер жұмыс жасауда
«Мен ауыл тұрғыны ретінде, бізге азық-түлік автодүкендерінің жиі келе бастағанына ризамын. Жаңа жыл қарсаңында ауыл тұрғындарына арзан бағамен азық-түліктер ұсынылды және біз алысқа, Жаңаөзенге баруға мәжбүр болған жоқпыз.
Жаңаөзендегі және оның төңірегіндегі ауылдардағы жағдай біршама тұрақтанып келеді. Оған үйлену тойларға, салтанаттар мен мерейтойларға шақырулар дәлел, іс-шаралар әзірге күндізге шақырылуда», - дейді Қызылсай ауылының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жақсылық Көңілімқосов.
Ақсақалдың айтуынша, жолаушы тасымалдау жұмысы, алыс ауылдарға азық-түлік жеткізетін азық-түлік көліктерінің жұмысы қалыпқа келді.
Жаңаөзеннің 4-ықшамауданының тұрғыны Рахат Исанбергенов те, қаладағы жолаушылар тасымалының қалыпқа келгенін айтып отыр.
«Бірінші күндері жұмысқа жету және кешке үйге қайту қиындау болды. Қазір жағдай жақсарды. Бағдарлық таксилер жүре бастады, жақын арада үлкен автобустар жолға шығады. Жаңаөзенді абаттандыру және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатқан үкіметтік комиссияның мүшелері бізге осындай уәде берді. Әрине, бұл жайт бізді қуантуда», - дейді Рахат Исанбергенов.
Қала тұрғыны, Жаңаөзеннің сыртқы келбеті қалпына келтірілгенін айтуда. «Дүкендер, сауда орталықтары жұмыс істеуде. Жалпы алғанда, тіршілік қалпына келе бастады», - дейді ол.
«Қаладағы коменданттық сағат пен төтенше жағдай режиміне түсіністікпен қараймыз, әрине. Біздің отбасымыз, балаларымызды құттықтап, оларға сыйлықтар табыс еткен қалалық білім бөліміне ризашылығымызды білдіреміз», - дейді Жаңаөзеннің Рахат-2 ықшамдауданында тұратын Дауылбаевтар отбасы.