Жаңаөзенде құрылған жаңа әскери бөлімге алғашқы лек келді
ОРАЛ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жаңадан құрылған ҚР ІІМ ішкі әскерлерінің 5548-әскери бөліміне Петропавл қаласынан алғашқы лек келді.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы, майор Ерболат Сұлтановтың хабарлағанындай, аталмыш әскери бөлімді құру туралы шешім бұдан екі жыл бұрын қабылданған болатын. 7 желтоқсан күні Маңғыстау стансасында Ақтаудағы 6656-әскери бөлімінің жеке құрамы жас жауынгерлерді салтанатпен, әскери үрмелі аспаптар оркестрімен қарсы алды. Әскерге шақырылушылардың бірі Нұрлан Нұрғалиев маңғыстаулықтарға жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, Отан алдындағы борышын адал өтейтіндігін жеткізді.
Бір қызығы, 6656-әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Самат Әбжановтың өзі Петропавлдан екен. Ол Жаңаөзен қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында қызмет ететін жас жерлестеріне елдің, ата-аналарының үмітін ақтауға тілектестігін білдірді.
Жаңадан келген лекті Жаңаөзенде де жақсы қарсы алды. Олардың қазіргі заманғы казармаларда тұрып, спортпен айналысып, бос уақытын мәнді өткізулеріне де мүмкіндік жасалған. Ал сабақтар жеке бөлімшелерде өткізіледі. Дайындықтан өткеннен кейін сарбаздар әскери ант қабылдап, бөлімшелер құрамына жіберілетін болады.