Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жаңаөзенде орын алған мұнай қалдықтарын төгетін алаң аумағындағы ірі өрт ауыздықталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңаөзенде орын алған мұнай қалдықтарын төгетін алаң аумағындағы ірі өрт ауыздықталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары - мұнай алаңындағы жалынды ауыздықтау жедел штабының басшысы Сүйіндік Алдашев мәлімдеді. Жедел штаб құрамына Маңғыстау облысы ТЖД бастығы, полковник Қуанар Базарбаев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Серік Қалдығұлов кірді, деп хабарлайды Mangystau Online ақпарат орталығы.

Жаңаөзенде орын алған мұнай қалдықтарын төгетін алаң аумағындағы ірі өрт ауыздықталды (ФОТО)

«Жалын ошағы 19 қыркүйекте 23 сағат 34 минутта оқшауланды. 20 қыркүйекте сағат 07.31-де өрт толықтай сөндірілді. Бұған 35 бірлік арнайы техника, жеке құрамнан 144 адам тартылды», делінген хабарламада.

«Ақтау қаласы «ӨҚ және АҚЖ» ММ қоймасынан 1 тонна көбіктендіргіш пен 164 дана қосымша түтік құбыр пайдаланылды. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында өндірістік нысандарға, жақын орналасқан бас құбыр өткізгіш пен жоғары вольтті сымдарға қауіп келген жоқ. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ, - деп мәлімдеді С.Алдашев.

Оның айтуынша, бүгін өрттің шығу себептерімен айналысатын мамандар жұмысқа кірісті.

Жаңаөзен қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы атмосфералық ауаның жағдайын бақылау мақсатында мониторинг және қала маңындағы атмосфералық ауаны зерттеу жұмыстары басталды. Сағат 08.00 минуттағы жағдай бойынша, атмосфералық ауада мұнай көмірсутегінің жану өнімдері артқан жоқ. Санитарлық-гигиеналық зертхана ауа мониторингі жұмыстарын жалғастыруда.

Еске салсақ, 18 қыркүйекте сағат 17.05-те мұнай төгетін алаң өртенді. Жалын алаңы 10 000 шаршы метрді қамтыды.