Жаңаөзенде сыныптастары 11 сынып оқушысын аямай ұрып, соққыға жыққан

АҚТАУ. KAZINFORM — Оқиға кешкісін зардап шеккен баланың үйінің жанында болған. Бұзақылар көмекке келген оқушының әкесін де күш көрсетіп, аяғын сындырған.

төбелес
Фото:freepik.com

Айта кетейік, оқушылар Жаңаөзен қаласындағы «Білім-инновация» лицейінде оқиды. Бұл оқиға сыныптастар арасындағы түсініспеушіліктің салдары болуы мүмкін. Өйткені, таяқ жеген оқушы шетелдік жоғары оқу орнына грант жеңіп алған. 

Жаңаөзен қалалық ауруханасының бас дәрігері Марат Қайырғалиұлының айтуынша, зардап шеккен әке мен бала қазір ауруханада. Жағдайлары жақсы.

Ал, полиция осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұзақылар анықталып, ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізілген.

— Жанжалдың барлық қатысушылары анықталды. Қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберу үшін материалдар дайындалып жатыр. Құқық бұзушылардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің жауапкершілігі мәселесі қаралатын болады. Барлық кінәлілер профилактикалық есепке алынады, — дейді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева. 

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, зардап шеккен оқушыға психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр.

— Аталған оқиға 2025 жылғы 17 сәуір күні мектептен тыс жерде, жоғары сынып оқушылары арасында болған. Бір оқушы ауруханаға жеткізіліп, тиісті ем шара қабылдап жатыр. Қазіргі уақытта оқушының жағдайы қанағаттанарлық, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Сонымен қатар оған жан-жақты психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Лицей әкімшілігі оқушылардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, профилактикалық кеңес өткізіп, оқушылар мектепшілік есепке алынды, — делінген хабарламада. 

Бұған дейін, Маңғыстауда Бейнеу ауданында 11-сынып оқушысы кісі қолынан қаза тапқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар