Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынды

АҚТАУ. KAZINFORM – Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-не экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 2 млн 378 мың 750 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қазақстан Қарашығанақ консорциумымен бірге газ өңдеу зауытын салмайтын болды
Фото: psa.kz

Маңғыстау облыстық экология департаменті кәсіпорында жоспарлы тексеру жүргізіп, экологиялық заңнама талаптарының бірқатар бұзылғанын анықтады.

Атап айтқанда, өндірістік қалдықтарды басқару және өндірістік материалдарды сақтау талаптары сақталмаған. Кәсіпорында қауіпті қалдықтарды бөлек жинау талаптары бұзылған.

Экологиялық кодекске сәйкес, бөлек жиналған қоқысты кейінгі өңдеу кезінде қайта араластыруға болмайды.

Сонымен қатар қауіпті өндірістік қалдықтардың есебі тиісті деңгейде жүргізілмеген.

Заңнамада мұндай қалдықтардың көлемі, түрі, шығу тегі, жөнелтілетін орны, жинау мерзімділігі, тасымалдау тәсілі және оларды өңдеу әдісі хронологиялық тәртіппен есепке алынуы тиіс.

- Тексеру барысында өндірістік материалдардың да талапқа сай сақталмағаны анықталды. Олар тікелей жерге орналастырылған. Жер учаскелерін пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар топырақты ластауға, аумақты қоқыстауға, жердің тозуына және құнарсыздануына жол бермеуге міндетті. Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін кәсіпорынға тиісті ұйымдастырушылық және техникалық шараларды қабылдау туралы нұсқама берілді, - делінген хабарламада. 

Бұдан бөлек, анықталған бұзушылықтар бойынша кәсіпорынға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің үш бабы бойынша хаттамалар толтырылған.

Бұған дейін, Маңғыстау облысында ауруханаға бөлінген 223 млн теңгені жымқыру ісі бойынша 3 адам қамалған болатын.