10:13, 29 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Жанар Әліпова мемлекеттік тілде сабақ берушілер арасындағы республикалық байқаудың жеңімпазы атанды
КӨКШЕТАУ. Желтоқсанның 29-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Астанада мемлекеттік тілде сабақ берушілер арасындағы республикалық байқауда Ақмола облысының намысын қорғаған Жанар Әліпова бірінші орыннан көрінді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақтық іріктеу сайыстарында жеңімпаз атанған мемлекеттік тілді оқыту жөніндегі облыстық орталықтың мұғалімі Жанар Әліпова «Мемлекеттік органдарда сабақ беретін облыстың үздік мұғалімі» жүлдесіне иелік еткен болатын. Енді міне, республикамыздың түкпір-түкпірінен 18 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Аймақ жеңімпаздары арасында финалға шыққан Алматы, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстары үміткерлерінен білімі, әдіскерлігі, еңбекқорлығы, іскерлігі жағынан алда болып, ақмолалық Жанар Әліпова жеңіс тұғырына көтерілді.