Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды заң аясында реттейтін мезгіл жетті

; АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Нағыз бәсекелестік бар жерде нарықтың кез-келген саласында баға тұрақтылығы сақталады. Бәсекелестік болса қандай да бір тауардың бағасын әкімшілік ресурстарды қолданып, күшпен тұрақтандырудың қажеті жоқ, бәрін нарықтағы жағдай өзі реттейді. Өкінішке қарай, Қазақстанның жанар-жағармай нарығындағы жағдай әзірге шынайы бәсекелестік талаптарының деңгейінен табылмай отыр. Бұлай дейтініміз, елімізде жыл сайын, әсіресе көктемгі егіс жұмыстары мен күзгі жиын-терін

Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды заң аясында реттейтін мезгіл жетті

науқаны кезінде мұнай өнімдері бағасының қымбаттайтыны, тіпті кейде сұранысы көп бензин түрлерінің тапшы болатыны әдетке айналды. Дәл осындай жағдай 2009 жылдың күзінде тағы да қайталанды. Сол кезде еліміздегі бензин мен дизельдік жағармай бағасы күрт өсіп кетті. Былтыр қыркүйек айында республикамыздағы АИ-92, АИ-93 маркалы бензин бағасы 90 теңгеге жетіп жығылғаны есімізде. Нарық заңдылығы бойынша әдетте мұнай қымбаттаса, мұнай өнімдерінің бағасы бірге ілесе өседі, ал арзандаса, баға да төмендейді. Бірақ бір қызығы Қазақстанда жанар-жағармай бағасының арзандауы әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуімен парапар болмай отыр. Мысал үшін айтатын болсақ, өткен жылдың үшінші тоқсанының соңында әлемдік мұнай биржаларында мұнайдың 1 баррельге шаққандағы бағамы 67-68 доллар болды. Алайда, соған қарамастан еліміздегі бензин бағасы арзандаған жоқ, керісінше жоғары болды. Бұдан жанармай бағасының сол кездегі баррельдің бағамына шағып есептегенде қымбат болғанын көреміз. Сайып келгенде мұндай проблема нарықтағы бәскелестіктің жоқтығынан, тиісінше доминанттық жағдайдың қалыптасқанынан әрі монополистердің ымыраласуынан туындайтыны белгілі. Қазақстанның жанар-жағармай нарығында қалыптасқан мұндай ахуалға сол кезде бірінші болып депутаттық корпус үн қатты. Содан соң іске қараша айында болған тікелей желіде Мемлекет басшысы араласқаннан кейін барып қана бұл нарықтағы жағдай тұрақталғандай болды. Онда да бұл мәселе негізінен Үкіметтің пәрменімен әкімшілік ресурстарға арқа сүйей отырылып шешілді. Сөйтіп Қазақстандағы АИ-92 және АИ- 93 маркалы жанармайдың бағасы желтоқсаннан бастап ел бойынша 82 теңге деңгейінде тұрақтандырылды. Тиісінше, дизель отынының бағасы да төмендетілді.

Сонда Қазақстанның жанар-жағармай нарығындағы жағдай неліктен бұлай қалыптасып отыр? Шынайы көрініс қандай? Жылына 70-75 млн. тонна мұнай өндіретін Қазақстанда жанар-жағармайдың бағасы неге қымбаттай береді? Неге еліміз ішкі нарығын отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ете алмай отыр? Міне осы тақылеттес сауалдар талайларды мазалап жүргені шындық.

ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің дерегінше, еліміздің отын-энергетикалық кешені саласына жүргізілген талдау нәтижелері бұл нарықта бәсекелестіктің мүлдем дамымағандығын көрсетіп берген. Қазақстанның мұнай өнімдерін сататын нарықты «ҚазМұнайГаз» Сауда үйі» ЖШС, «ПетроҚазақстан» Сауда үйі» ЖШС және Гелиос тобы сынды үш холдингтік компаниялар монополиялап алған. Жанар-жағармайдың бөлшек саудасы нарығының 65 пайызға жуығын осылар реттейтін көрінеді. Агенттік мұнай өнімдерін сату нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі іс-шаралар аясында былтыр жанар-жағармай нарығындағы субьектілерге («ПетроҚазақстан» Сауда үйі» ЖШС, «Гелиос» ЖШС және т. б.) қатысты жанар-жағармай нарығында жасанды тапшылық тудыру және монополиялық жоғары баға белгілеу жайына тексеру жүргізіп, нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтарды анықтаған. «ПетроҚазақстан» Сауда үйі» ЖШС-не қатысты тексеру материалдары қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін қаржы полициясына берілген. Сонымен қатар жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ымыраласқан іс-қимылдар («РусҚазОйл» ЖШС, «AlexNill-Oil» ЖШС, «Контакт Ойл» ЖШС, «MigaGroup» ЖШС), бензинді сатуға шектеу қою, яғни бензинді талон бойынша сату («Гелиос» ЖШС, «Sinooil» ЖШС, «Торғай Петролеум» ЖШС), қиянатшыл бәсекелестік («Гелиос» ЖШС) фактілері бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер қозғалған. «Гелиос» ЖШС және «Sinooil» ЖШС қатысты айыппұлдардың сомасы тиісінше 1,2 млрд теңгені және 100 млн. теңгені құраған. Аталмыш субьектілерге қатысты материалдар сотқа берілген. Бұдан бөлек, тексерулердің нәтижесінде жанармайды көтерме және бөлшек бағамен сататын нарықтағы 40-тан астам субьектілердің бензин бағасын негізсіз бекіту және ұстап тұру фактілері анықталған. Павлодар, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жанар-жағармай сатумен шұғылданатын субьектілерді тексерудің нәтижесінде, жанар-жағармайдың бағасын ымыраласып белгілеу және жанар-жағармайды тек талон бойынша сату фактілері әшкере болған. Бұл субьектілерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалатын болады.

Ал енді Қазақстанда жанар-жағармайдың бағасы неге қымбат, неге отандық өндірістер нарықты мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай отыр деген сауалдарға тоқталсақ. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұнай өңдейтін үш зауыт бар. Олар Атырауда, Павлодарда және Шымкентте орналасқан. Алайда бұл зауыттардың барлығының техникалық мүмкіндігі ішкі нарығымызды жоғары октанды бензинмен толық қамтамасыз етуге жетпейді. Басты себеп - оларда заман талабына сай келетін құрал-жабдықтар жоқ немесе қолданыстағыларының әбден тозығы жеткен. Нәтижесінде бүгінгі таңда елімізде жоғары октанды жанармайдың тапшылығы 37,5 тоннаны құрап отыр. Оны импорт арқылы өтеу көзделуде. Ал импорттың негізінен Ресейден келетіні белгілі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы ішкі нарыққа 12,1 млн. тонна мұнай жеткізіліп, өңделген. Мұның 5,7 млн. тоннасы немесе 47 пайызға жуығы жаңағы Ресейден импортталған. Былайша айтқанда, Қазақстан мұнай өнімдері бойынша Ресейге тәуелді болып отыр. Ал Ресей нарығындағы мұнай өнімдерінің бағасы біздегіден әлдеқайда жоғары екендігі белгілі. Бұл өз кезегінде ол елден бізге импортталатын мұнай өнімдерінің біздің нарыққа жоғары бағамен келуіне ықпал етіп отыр. Былайша айтқанда жанар-жағармай тапшылығы өз кезегінде ішкі нарықтағы бағаның, әсіресе маусым кездерінде, мың құбылуына әсер етуде. Бұл проблеманы қалай шешпек керек? Сайып келгенде экономикалық қауіпсіздік үшін аса маңызды бұл мәселені мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғыртып, оларды техникалық жағынан түрлендіруді арқылы шешуден басқа жол жоқ. Бұны қазіргі күннің талабы көрсетіп отыр. Сондықтан да Қазақстанның мұнай өнімдері нарығындағы проблемаларды жою үшін Президент былтырғы Жолдауында Үкіметке мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғыртуды тапсырған болатын. «Біз қолданыстағы перспективалық инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыруды жалғастырамыз. Ең алдымен бұл - мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту. Бізде мұнай өңдейтін үш зауыт бар, сөйтсе де әлі күнге жанармай сатып аламыз, авиация керосинімен де қамтамасыз етілмегенбіз. Енді қазір бұл іспен айналысу керек. Біз осы мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысты біртіндеп толық қамтамасыз етуге тиіспіз», - деген еді Мемлекет басшысы сол Жолдауында.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет Қазақстандағы мұнай өңдейтін зауыттарды дамытудың 2009-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп, қазір бұл бойынша жұмыс жүріп жатыр. Кешенді жоспар мұнай өнімдерін өндіретін өндірістердің құрылымын және сапасын жақсарта отырып, жыл сайын өңделетін мұнайдың көлемін арттыруды, сөйтіп нарықтың мұнай өнімдерінің негізгі түрлеріне сұранысын тұрақты қамтамасыз етуді көздейді. Зауыттарды жаңғырту аяқталғаннан кейін мұнайды өңдеудің жиынтық қуаты жылына 17 млн. тоннаға жетуі тиіс. Еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғыртуға жалпы сомасы 4,3 млрд. доллар инвестиция салу көзделіп отыр. Егер ойға алған бұл жұмыс орындалатын болса, Қазақстан 2014 жылдан бастап ішкі нарықтың жанар-жағармайға сұранысын отандық өндірістің өнімдерімен қамтамасыз ететін болады.

Сөз соңында Кеден одағының құрылуына қатысты Қазақстан мен Ресейдің жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мәселісіне қатысты бірер сөз. Мұнай өнімдері нарығындағы жағдайды ретеу мақсатында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің жанынан Қазақстандағы мұнай өнімдері нарығындағы бәсекелестікті дамыту және қорғау жөніндегі Сарапшы кеңесі құрылған болатын. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, мұнай өнімдері субьектілерінің, мұнай өңдеуші зауыттардың өкілдері енді. Осы Сарапшы кеңестің аясында Бірыңғай кеден одағының құрылуына байланысты қазақстандық және ресейлік мұнай өнімдері нарығындағы жағдайды тұрақтандырумен байланысты мәселелерді реттеу үшін арнайы жұмыс тобы, сондай-ақ мұнай өнімдері саласындағы доминант-субьектілердің баға түзу әдістемесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Ал жақында Бәскелестікті қорғау агенттігі Біртұтас кедендік кеңістік құру аясында Кедендік одақ комиссиясының құрылымында бәсекелестік саясат саласында жеке орган құруды ұсынды. Бұл орган монополияға қарсы күрес заңнамасын бұзушылықтарды тексеру, экономикалық шоғырлануға бақылау қою және нарық қатысушыларына монополиялық инфрақұрылымға тең дәрежеде шығу мүмкіндігін қамтамасыз ету құзыретіне ие болуға тиіс. Мұнай өнімдері нарығында әділетті бәсекелестіктің дамуына мұнай өңдеу зауыттарының инфрақұрылымына қол жеткізу мүмкіндігінің шектелгендігі кедергі келтіріп жатқандығын ескерсек, бұл органның тезірек құрылып, іске кіріскендігі жөн сияқты.

Қалай десек те, соңғы жылдарда жинақталған тәжірибенің негізінде жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыруда біршама ілгерілеушілік бар. Алайда, бұның басым көпшілігі әкімшілік ресурстарды қолданумен жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бірақ бұл тетіктің өміршеңдігіне әркез иек арта беруге тағы болмайды. Сондықтан, мәселені заң аясында реттейтін мезгіл жеткен сияқты. Бізге белгілісі, қазір Үкімет жанар-жағармай бағасын тұрақтандыруға қатысты заң жобасын әзірлеуде. Бұл құжатта жанар-жағармай нарығындағы бағаны тұрақтандырудың нақты тетіктер қамтылмақ. Заң жобасында нарыққа қатысушылар арасында «баға мәмілесі» дәлелденген жағдайда оларды жауапкершілікке тарту шаралары көзделген. Егер бұл заң осы жылдың ішінде қабылданып, ондағы талаптар толығымен орындалса, онда маусым сайын жанар-жағармай бағасының басқа шауып, төске өрлеуі тыйылар еді. Сондықтан қарапайым халық пен диқандар үшін заңның тезірек қабылданғаны пайдалырақ болмақ.