«Жанар-жағармайдың шикілігі зауыттардың ескілігінде болып тұр»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. / ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 30-ы, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жанар-жағармайдың шикілігі зауыттардың ескілігінде болып тұр»- республикалық  басылымдарға шолу

Мәскеуде ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. ТМД-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің осы жолғы отырысында жиырмадан астам мәселе қаралды. Олар мем­лекет­ара­лық ынтымақтастықты гумани­тар­лық салада, қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуде және халықаралық қатынастарда дамытып, тереңдетуге арналды. Басқосуда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөй­леді. Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы лауазымында 100 күн болуының өзіндік бір қоры­тындысын шығарған сөз іспеттес болды.Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Бірлесіп атқарар жұмыс көп» деген тақырыппен берілген мақаладан оқыңыздар.

***

«Кедендік одақтың» қысымымен Қазақстан Үкіметінің кезекті қамалы құлайтындығын білдік. Былтыр Мәсімов Үкіметі жанар-жағармайдың бірқатар түрлерінің құнын «қатырып» тастағаны мәлім. Атап айтқанда, «темір тұлпарлы» қазақстандықтардың ең көп сұранысына ие Аи 92/93 маркалы бензиннің және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін өмірлік маңызы бар дизель отынының бағасын мемлекет өз бақылауына алып, енді оны өзі белгілеп отыратындығын жариялаған. Мұны көріп, диқандар да, қоғам да жылдар бойы иығын езген ауыр жүктен арылып, жеңіл бір күрсінгендей болды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмайтынға ұқсайды. Үкікметтегі кешегі селекторлық кеңестен шыққан Мұнай және газ минитрі Сауат Мыңбаев бізге берген сұхбатында Ресей нарығына көз тігіп, қылпылдап отырған ЖЖМ саудагерлерінің арынын енді ауыздықтай алмайтындарын мәлімдеді. Мамыр айынан бастап, олардың аяғындағы «тұсау» алынады!»,- деп жазды «Айқын» басылымының бүгінгі саны. Осы жағдайға байланысты Мұнай және газ министрлігінің басшысы диқандарды асығуға шақырыпты. Бұл туралы толығырақ газеттегі «Жанар-жағармайдың бағасы қымбаттауы мүмкін» деген атпен берілгенмақаладан оқыңыздар.

«Кедендік одақ: күдіктен үміт басым». Осы тақырыппен жарық көрген «Айқын» газетіндегі келесі мақала өткен сенбіде Алматы қаласында өткен «ҚР-ның үштарапты Кедендік одаққа кіруі туралы» деген тақырыпта өткен басқосуға назар аударыпты. «Әңгіме арқауы - бүгінгі күннің басты да өзекті тақырыбы Кедендік одақ жайында болғаны белгілі. Елде осы Кедендік одақ жөнінде әртүрлі пікірлердің айтылып жүргенін бәріміз білеміз. Әсіресе оппозиция тарапынан «Бұл одақтың Қазақстанға берері шамалы, Ресейдің даусы басып кетеді, біз соның жетегінде кетіп барамыз» деген секілді сыңаржақ пікірлердің көбейіп тұрғаны мәлім. Айналып келгенде, олардың алға тартатыны - біздің ішкі рынок бәсекеге төтеп бере алмайды. Оның үстіне бюджет те одақтың кесірінен айтарлықтай сомадан айырылады деген депутаттардың есебі де сыңаржақ пікірлерді өршітіп жіберген секілді»,-дейді басылым.

Кеше таңсәріде Мәскеу тыныштығын метродағы екі жарылыс бұзды. Алдымен «Лубянка», жарты сағаттан кейін «Мәдениет саябағы» стансасында қайталанған лаңкестік оқиғалардың нәтижесінде 37 адам қаза болып, 60-тан астам адам жарақат алған. Егжей-тегжейін «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Мәскеуде тағы - жарылыс...» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санында «Бұл ойын емес, ойын аяқталған!» атты мақала жарық көріпті. Мақалада оффшорлық схемалардың көмегімен Қазақстан банктерінен ондаған миллиард долларды алып кеткен адуынды фигура - экс-банкир Мұқтар Әбләзов жайлы сөз болады.

Кеше «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалында Астана қаласы мәслихатындағы «Нұр Отан» ХДП фракциясының 2010-2012 жылдарға арналған Астана қаласының бюджетіне нақтылау және толықтыру енгізуді талқылау бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Кеңестегі айтылған келелі мәселелерді «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы «Биылғы бюджеттің баяны» деген атпен берілген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Латын қарпіне қайта көшіп келеміз бе? Рас, бұл мәселе бірталайдан бері қозғалып келеді. Тәуелсіздік алған жылдан бастап десек те болады. Бұқара арасында әжептәуір қоғамдық пікір де туып үлгерді. Латын қарпін көксейтіндердің де саны біршамаға жетті. Десек те, сайты латынша жасалған Үкімет тарапынан латын тіліне көшу бастамасы әлі күнге дейін қолдау таппай келеді. Кеше Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Амангелді Момышев «Латын қарпі - түрік халықтарын біріктіретін фактор», деп Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевты әлемнің 60 пайызы қолданып отырған латын тіліне көшуге шақырды.Министр бұл мәселені «Жансейіт ретінде» қолдайтынын, ал «министр ретінде» шешім қабылдау құзырында емес екенін жеткізді... «Мен министр емес, жеке өз басымның есебі ретінде «латын әліпбиіне көшу керек дегенге» дұрыс қараймын. Бірақ министр ретінде бұған мен ешқандай шешім қабылдай алмаймын» деп бұл мәселеде ойланатынын жеткізді»,-деп жазды «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі саны. Егжей-тегжейін газеттің бірінші бетінен орын алған «Минстр Latyn әліпбиін «Жансейіт» ретінде қолдайды,«Минстр» ретінде ойланады» атты мақаладан оқыңыздар.

«Мектеп іргесінде арақ сатылып жатыр». Осы тақырыппен берілген «Алаш айнасы» газетіндегі келесі мақала прокуратураның тексеруі барысында Қостанайда жеке кәсіпкер С.В.Ефремованың №24 «а» бастауыш мектебі түбінде тұрған «Олимп» дүкені арқылы еркін арақ-шарап сатып келгені әшкере болғанын жазады. «Ішімдік өнімдерін сататын сауда нүктелерінің білім-тәрбие беру нысандарынан кем дегенде 100 метр жерде болуы керектігін жақсы білетін Ефремова 9,5 метр жерде сауда жасаған. Құзырлы органдар лизенция берген кезде бастауыш қазақ мектебінде оқитын балғын оқушылардың «алкогольдік сауатын» ерте ашады-ау деп мүлде қаперіне алмаған»,-дейді басылым.

Аталған басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Жанар-жағармайдың шикілігі зауыттардың ескілігінде болып тұр» атты мақалада газет тілшісі Кәмшат Сатиева «қара алтын» қорына бай ел бола тұра, оқтын-оқтын қайталанатын жанармай тапшылығына ұрынбаудың жолын іздейді.Біреулер «монополистер нарықтағы бағаны жоғары ұстау үшін қасақана өнім шығаруды шектейді» десе, енді бірі «біздегі үш мұнай өңдеу зауытының өнімділік қуаты нашар, сондықтан оларды жаңалау керек» дегенді айтады. Болжам бойынша 2014 жылға таман АИ-80 жанармайы мүлдем тұтынылмайтын болады. Яғни қазіргі бар үш зауытты да қайта салуға тура келеді. Қазір Батыс елдері Еуро-5, Еуро-6 стандартына көшіп жатқан кезде отандық мұнай өңдеу зауыттары бұған дайын емес. Автор басқасын былай қойғанда, жанар-жағармай сапасын анықтайтын бізде мемлекеттік жүйе жоқ екеніне назар аудартады.