Жаңартылатын энергия: Қазақстан мен Қытай 30 жобаны жүзеге асырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай: Энергетика» форумында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов саладағы жобалар туралы айтты.

Жағатылған энергия
Фото: UzA ақпарат агенттігі

Оның айтуынша, энергетика саласы — дәстүрлі түрде Қазақстан-Қытай серіктестігінің өзегі. Екі ел қарым-қатынасы қазір бірлескен әрі технологиялық тұрғыдан бай экожүйеге бағыт алды.

— Қазіргі кезде Қытай компанияларының қатысуымен жаңартылатын энергия бойынша 30 жоба жүзеге асырылып жатыр, жалпы қуаттылығы — 1700 МВт, — деді Ерлан Ақкенженов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгін CNPC компаниясымен негізгі құжаттарға салтанатты түрде қол қойылды. Соның ішінде:

— Шымкент мұнай өңдеу зауытын 12 млн тоннаға дейін кеңейту туралы негіздемелік келісім. Нәтижесінде еліміздің шикізат өңдеу, мұнай өнімдерін экспорттау әлеуеті артады;

— Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауытты іске қосуға арналған келісім;

— Үшжақты мәлімдеме: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «QazaqGaz» АҚ және CNPC-мен «Северный-1» жобасы және көмірсутегі саласындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша.

Сондай-ақ Қазақстан-Қытай мұнай құбырларын (Атырау-Кеңқияқ, Кеңқияқ-Құмкөл) кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Бүгінгі форум өзара әріптестігіміздің жаңа парағын ашып, энергетика, өнеркәсіп, ғылым және білім беру салаларындағы терең ынтымақтастыққа негіз болатын маңызды алаңға айналып отыр, — деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сонымен қатар елордада «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар