Жанбота Алдабергенова акробатикадан әлем кубогі кезеңінде үздік үштікке енді
Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жанбота Алдабергенова Финляндияның Рука қаласында фристайл-акробатика мен могулдан өткен әлем кубогінің алғашқы кезеңінде үздік үштіктен көрінді, деп хабарлайды Kazinform.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, акробатикадан өнер көрсеткен Жанбота финалда 77.43 балл жинап, қола жүлдегер атанды.
Алтынды Бейжің олимпиадасының (аралас командалық сын) қола жүлдегері Марион Тено (Канада) жеңіп алса, күміс аустралиялық Даниэль Скоттың еншісінде кетті. Д.Скот бұған дейін әлем чемпионатында 2 мәрте күміске ие болған.
Бір қызығы, қазақ спортшысы тура бір жыл бұрын осында өткен 2022-2023 жылғы маусымдағы әлем кубогінің беташар кезеңінде де қола алған еді. Ол кезде Ж.Алдабергеноваға 80,04 ұпай жеткілікті болған. Жалпы, Рука қаласы биыл FIS-тің фристайл маусымын қатарынан 14-рет бастап берді.
Фристайл-могулда ұлттық құрама спортшыларынан ең жоғарғы сатыға Павел Колмаков тұрақтады. Ол жекелей сында бесінші орынға табан тіреді.