Жанға дауа болар шипалы емнің бағасы қанша?
АЛМАТЫ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік туристік ұйымның деректері бойынша, 2012 жылы әлемдегі медициналық туризм индустриясының табысы 400 млрд. долларды құраған көрінеді. 2015 жылы бұл сан 500 миллиардқа дейін жетпек.
Өйткені әлемдік держава саналатын АҚШ-тан бастап, халқы кедейшіліктің зардабын шегіп, соғыстан көз ашпай келе жатқан Ауғанстанға дейінгі барлық елде жаны қиналғанда шетелден ем іздеушілер мыңдап-миллиондап табылады екен. Сондықтан ондағы өсім жыл сайын 20-30 пайызды құрап отыр. Мамандардың айтуынша, «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» дегендей, медициналық туризм тасқынында екі бағыт көрініс тауып отыр. Біріншісі, қызмет көрсету ақысы жоғары елдерден бағасы қолжетімді мемлекетке барушылар. Екіншісі, медициналық көмек көрсету деңгейі төмен елдерден қызмет көрсету сапасы дамыған мемлекеттерге барушылар. Біріншісіне АҚШ-ты мысалға келтіруге болады. Онда медициналық турмен сапар шегушілер саны соңғы 2 жылда 750 мыңнан 3 миллион адамға дейін өсіп, бұдан өзге елдер 1 млрд. доллар табыс тапқан. Ал екіншісіне бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдерді де қосуға болады. Олардың үлесі жыл сайын 30-50 пайызға өсіп келе жатқан көрінеді. Қазір тіпті аса білікті мамандар мен озық құрал-жабдықтарды қажет ететін күрделі операцияларды былай ысырып тастап, өз еліндегі емдеу мекемелерінің шамасы жететін жай емдеу түрлерін де шетелден алуға әуестенушілер шоғыры қалыптаса бастапты. Тіпті кейбір адамдардың әйелдері мен қыздарын шетелде босандыруды сәнге айналдырғаны бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс тауып жүр.
Жалпы медициналық туризмнен табыс табушы елдердің алғашқы бестігіне АҚШ, Германия, Түркия, Үндістан, Тайланд еніп отыр. Үздік үштікке кіретін бауырлас Түркияға медициналық туризммен келушілер саны былтыр 617 мың адамды құраған көрінеді. Бұл елдің медициналық туризм қауымдастығының жетекшісі Эмин Чакмактың айтуынша, олар шетелдік емделушілердің санын 2015 жылы 1 миллионға дейін ұлғайтып, одан 10 миллиард долларға жуық табыс табуды жоспарлап отыр. Өткен жылы олардың медициналық туризмдегі табысы 4,2 миллиард долларды құраған көрінеді. Былтыр бұл елге саяхаттап барғандардың 380 мың 46-сын қазақстандықтар құрапты. Олардың қаншасы емделу мақсатында барғаны туралы ақпарат еш жерден табылмады. Ал көршілес Ресейде шетелден ем іздеушілер саны статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда 2011 жылы 14,5 миллионды, 2012 жылы 15,3 миллионды құраған.
Havard Medical International ұйымының 2007 жылғы зерттеуіне қарағанда, қазақстандықтар жыл сайын шетелде емделуге 200 миллион доллар жұмсап келген көрінеді. Олар негізінен Германия, Австрия, Израйль, Оңтүстік Корея, Сингапур, Түркия елдеріне барған.
Медициналық сауықтыру туризмінде бүгінгі таңда дамудың 5 негізгі бағыты айқындалып отыр. Олар: медициналық туризм; SPA & Wellness туризмі; Термальдық туризм (минералдық және термальды қайнарларда емделу); Егде адамдар туризмі; Стоматологиялық туризм. Отандық мамандар Қазақстанда оның бесеуін де қатар алып жүруге мүмкіндік бар екенін айтып отыр. Тек оған мемлекет тарапынан ынталандырудың тетіктері бір жүйеге келтірілмеген. Мәселен «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ақтаева былтыр 2014 жылы өздеріне қарасты барлық емханалар медициналық туризмді дамытуға 2014 жылы дайын болатынын жариялады. Оған дейін 2011 жылдың өзінде холдингке қарасты мекемелерге 42 инновациялық технология енгізілген көрінеді. Оның ішінде бүйрек, жілік майын ауыстыру, «жасанды» жүрек салу бойынша операциялар бар. Соның нәтижесінде сол жылы олар 30 мыңға жуық қазақстандықтан бөлек 300-ге жуық шетелдікті емдеген. Олар негізінен көршілес Орталық Азия мен Ресейдің азаматтары болып отыр. Енді 2014 жылға дейін ондағы барлық емдеу орындары клиникалар медициналық ұйымдар үшін пациентті емдеу сапасы мен оның қауіпсіздігінің ең жоғары көрсеткіші саналатын Joint Commission Ìnternational (JCI) аккредитациясынан өткізілмек. Олардың ішінен алғашқы болып бұл сыннан 2012 жылы Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы сәтті өткен болатын. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, ол бұрынғы кеңестік кеңістіктегі JCI аккредитациясынан өткен бірінші медициналық мекеме болып отыр. Мәселен, елімізде паркинсон ауыруымен сырқаттанған 16 мың адам тіркеуде тұр екен. Ондағы әрбір хирургиялық операция шетелде 60-70 мың еуро тұратын көрінеді. Бұған дейін қазақстандықтар шетелде емделуге мәжбүр болып келсе, енді олар Астанадағы нейрохиругиялық ғылыми орталықта мемлекет есебінен тегін емделуге қол жеткізіп отыр. Мұндай мысалдарды холдингке қарасты барлық мекемелерде кездестіруге болады. Бұл, әрине, үлкен жетістік. Дегенмен, еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінде әттеген-ай дейтін тұстар да аз емес. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың сөзіне қарағанда, биыл еліміздегі медицина ұйымдарында қыруар қаржыға сатып алынған құрал-жабдықтардың 130 түрінің іске қосылмай тұрғаны анықталған. Оның кейбірінде жұмыс істейтін мамандар жоқ болса, енді біреулері онымен емделетін науқастардың аз болуына қарамастан есепсіз алынған. Ал «Жас-ай» медициналық орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы Жасан Зекейұлының сөзіне қарағанда, еліміздегі барлық емдеу мекемелерінің әлеуетін бірдей пайдануға құзырлы органдар әлі құлықсыздық танытып отыр. Халық емшілері мен Шығыс медицинасын шетелден меңгеріп келген білікті мамандардың мүмкіндіктері ел игілігіне толықтай қызмет ете алмауда. Сондықтан кейде бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау жәйттері әр жерден бой көрсетіп қалуда. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» демей, бәрінің илегені бір тері болғандықтан сала мамандарының білімі мен білігін бір арнаға тоғыстырып, барлық мәселені бірлесіп шешуге мемлекет ұйтқы болса алынбайтын қамал жоқ.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда 2014 жылдан бастап 48 елдің азаматтарына 15 күнге, ал 2015 жылдан бастап 30 күнге дейін визасыз жүріп-тұруына мүмкіндік берілмек. Бұған дейін Қазақстан дипломатиялық төлқұжатпен - 56 елмен, шетелдік төлқұжатпен - 38, ұлттық төлқұжатпен 16 елмен визасыз жүйе орнатылған болатын. Егер құзырлы органдар бірлесіп жұмыс жасайтын болса, Қазақстан шетелдік емделушілердің белгілі бір бөлігін өзіне тартуға әлеуеті бар. Медициналық туризмнің өзге бағыттары бойынша да осыны айтуға болады.