Жаңғыру дәуірінде көштен қалмау аса маңызды - Закария Сисенғали
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халқымызға жаңа мыңжылдыққа аяқ басқан мезгілде үлкен серпіліс туғызды.
Рухани дүниемізді жаңғыртып, болашаққа деген сенімімізді нықтады. Бұл туралы Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы, ақын Закария Сисенғали мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, Елбасы қай мәселені көтермесін, бәрінде де ұлттық құндылығымыздың өзегін сақтауды ескертуден танбайды. Сондықтан да « ... рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл - тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күні мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын». - деп атап көрсетеді.
Мемлекет басшысының атап өткеніндей, бұған дейін де «Мәдени мұра», «Халық - тарих толқынында» бағдарламалары аясында елімізде көптеген жұмыстар атқарылды. Оның сыртында Абай, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, С.Мұқанов, тағы басқа ұлы тұлғаларымыздың мерейтойлары ЮНЕСКО деңгейінде өтті. Қаншама халықаралық саяси шаралар өтіп жатыр. Қазақ хандығының 550 жылдық тойы республика көлемінде кеңінен атап өтілді. Осының бәрі де көпұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, ынтымағын нығайтуға ерекше ықпал еткеніне куәміз. Осы бағытта Жаңақала ауданында да бірқатар істер оң шешімін тапты. Мысалы, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша бір жылға арнайы мәдениет атауы беріліп, соның аясында Пятимар, Қызылоба мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіліп, ауданның бірқатар кітапханалары модельді жобаға көшірілді. Осы бастаманың желісімен ауданда тұңғыш рет рухани орталық ашылып, онда орналастырылған қоғамдық ұйымдар, рухани-мәдени мекемелер, бұқаралық ақпарат құралдары, мұрағат, күй студиясы, жастар бірлестігі жұмыстарын сәтті жүргізіп келеді. Елбасының «Халық - тарих толқынында» атты бастамасы өңірде кеңінен өріс алып, барлық ауылдық округтерде, аудан орталығында өлкетану мұражайлары ашылып, осы өлкеден шыққан тұлғаларға ескерткіштер орнатылып, империялық саясаттың салдарынан халық басына түскен нәубетті кезеңдерді де уақыт бедерінен өшірмеу бағытында кешенді монументтер бой көтерді. Тек ақтандақ оқиғалармен шектелмей, аға буынның ерлігі мен еңбегін кейінгі толқынның жадында қалдыру мақсатында «Даңқ саябағы» ашылды. Соғыс қасіретін бейнелейтін Азалы ана бейнесі өткен күндердің күрсінісі көп шақтарын еске түсірсе, Тәуелсіздік монументі елдігімізді асқақтата түскендей.
Енді Елбасы мақаласының әр тарауына қысқаша ой жүгіртіп көрелік.
«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жете алады», - деген сөздерде терең мағына жатыр. Шын мәнінде адамдардың бір-бірімен, тіпті ұжымдар мен өндірістік кәсіпорындар, шаруашылық құрылымдары арасында бәсекелік болмайынша атқарылып жатырған істерден нәтиже күту де мүмкін емес. Сондықтан қазіргі заман талабына сай озық технологияларды игеру, бірнеше тілді меңгеру, ең бастысы, мәдени болмысымызды жаңғырту әрбір қазақстандықтардың төл міндеті болмақ.
«Прагматизм - өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемі пайдаланып соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз». Бұған түсінік беріп жатудың өзі артық сияқты. Расында да біздің қоғамымызда да күнделікті тұрмысымызда қол жеткен табыстарға тоқмейілсу, масаттану, кеудемсоқтық әрекеттердің құбылыстарын, аста-төк ысырапшылдықтың болып жатқанын күн сайын кездестіріп жүрміз. Сондықтан кім-кім де «Асқанды да көргенбіз, тасқанды да көргенбіз, Асып-тасып ақыры сасқанды да көргенбіз» - деген халықтық нақылды және «Судың да сұрауы бар» - деген сөзді естен шығармағандары абзал.
Мақаланың ең өзекті мәселелерінің бірі - ұлттық бірегейлікті сақтау. Мемлекет басшысы: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді», - дейді. Мұның өзі қазір әр түрлі қызылды-жасылды басылымдарда андыздап жүрген алуан түрлі сұрақтарға жауап береді.
Біз өз жерімізде өзгелермен иықтаса жүріп, қайткенде ұлттық қасиеттерімізді сақтап қала аламыз, қайткенде ұлт болып қала аламыз, міне, Елбасы осы мәселелерге ашық жауап берген. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан артық қалай айтуға болады? Мұны айтып отырған қазақ мемлекетінің басшысы. Осы орайда ол қалыптасқан кейбір әрекеттерден арылу қажеттігін де ескертеді. Демек, билік пен зиялы қауым арасындағы жершілдік, жүзшілдік, тамыр-таныстық, сыбайластық әрекеттер кейінгі буынға таралмауы керек. Ең басты қағидат -ұлттық мәдениетті қалыптастыру. Бұған қажеттерді әлдебір шет елдерден іздеп, әуреленудің қажеті жоқ. Өзіміздің өткен абыздарымыз бен даналарымыздың өсиетнамаларының өзі жетіп жатыр. Егер әрбір қазақстандық бабалар өсиетін балаларының санасына бесіктен белі шықпай жатып құйса, сонда ғана біздің ұлттық кодымыз қалыптасады.
Осы кезге шейін білім саласын дамытуда қыруар істер атқарылды. Мемлекет басшысы білімсіз адамның қанатсыз құспен тең екендігін нақты мысалдармен дәлелдейді.
Елбасының елімізді эволюциялық жолмен дамыту жөніндегі нақты пайымдары, салмақты ойлары, қойған міндеттері ешкімді енжар қалдырмаса керек. Ашық қоғам, ашық сана қалыптастырудағы әлемдік тәжірибелерді пайдалану керектігін айтқан Ұлт көшбасшысы бұл орайда да ұлттық қағидаларымыздан ажырамау керектігімізді қатаң ескертеді. Қазір әртүрлі революциялық әрекеттердің өңі өзгертілгенін еске сала келіп, әлемде болып жатырған оқиғалардан қорытынды жасау қажеттігін міндеттейді. Сол сияқты әлемдік деңгейге көтерілуде тілдің ерекше орыны бар екенін діттеп, дамыған елдердегі жағдайларды мысалға келтіреді.
Туған жерге тағзым, ол әрбір елін, жерін сүйетін адамның парасатты парызы болмақ. Бұл сасық байлықтарына бөгіп, қай жерде жақсы өмір бар, сол жер Отаным деп бұралқы иттей қашып-пысып жүргендерге ескерту, еліміздің әрбір жас өскініне айтылар өсиет.
Елбасының алға қойған міндеттері осы кезге шейін айтып жүрген ұлттық идеологиямызды қалыптастырудың төте жолы десек те болғандай.
«Егер мемлекет басшысының тапсырмалары таяу жылдарда нақты жүзеге асатын болса, біз келешек ұрпақтың мүлде жаңа сипатқа ие боларына сенімдіміз. Сөз жоқ, дүние бір орнында тұрмайды. Алдағы жүз жылдықтарда адамзаттың жаңа дәуірі басталады. Ол кезде қазіргі құндылықтарымыздың мүлде кәдеге жарамауы да мүмкін. Демек, Елбасының бұл еңбегі біз көріп-білмеген адамзат дәуірі адамдарын қалыптастырудың әліпбиі десек те қателеспейміз. Ендеше, көштен қалмайық, ағайын!», деп түйіндеді ойын Закария Сисенғали.