Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жәнібек даму қарқыны жөнінен облыста орта тұста келеді

ОРАЛ. 22 маусым. ҚазАқпарат -  Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының тапсырмасына сәйкес қалалар мен аудандардың 2012 жылғы бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісі бойынша аудандарда облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалық етуімен көшпелі кеңестер өткізілуде.

Жәнібек даму қарқыны жөнінен облыста орта тұста келеді

Орташа көрсеткіштер көрсеткен аудандардың бірі -  Жәнібек ауданы.

Жәнібекте өткен кеңесте  облыстық  экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Руслан Бектемірдің хабарламасында айтылғанындай, 2011 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша Жәнібек ауданы облыс аудандары мен Орал қаласы арасында бесінші орын алса, 2012 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша сегізінші орынға сырғып, орташа даму серпіні бар өңірге енген. Рейтингтік бағалауға кіретін 17 көрсеткіштің 13-і бойынша дамудың оң, 4-еуі бойынша теріс серпін байқалады.

2011 жылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің өндірісі-5,2, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өндірісі - 5,4 пайызға, негізгі капиталға инвестициялар - 5,4, құрылыс жұмыстары - 1,6 есеге, бөлшек сауда тауар айналымы - 17,7, шағын бизнестің белсенді кәсіпорындарының саны -12,5 пайызға өскен. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдер - 24,3, бюджеттің меншікті кірісінің көлемі-28,4 пайызға артқан.

Әлеуметтік саладағы көрсеткіштер бойынша оң серпін байқалады. Бұл ретте қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз етілген тұрғындар саны-17,7, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың саны-3,7, мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтылған балалар саны-8,9 пайызға өсіпті.

Туу деңгейі 11,1 пайызға өскені, өлім-жітім деңгейінің 3,8 пайызға төмендеуі байқалады.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерге қарамастан, бірқатар көрсеткіштер бойынша төмендеуге жол берілген. Атап айтқанда, тұрғындардың туберкулезбен ауруы-0,8 пайызға, қылмыстың 2,0 есеге өскені және оның ашылуы-95,2 пайызға төмендеген. Бұдан басқа жұмысқа орналасқан жұмыссыздар санының-26,0, қоғамдық жұмысқа жіберілгендердің-39,6, кәсіптік оқуға жолданғандардың-40,0 пайызға төмендеуі байқалады.

-Негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып табылатын ауданда ірі қара - 1388-ге, соның ішінде сиыр - 98-ге, ешкі саны - 42-ге кеміген. Бұған мал арасындағы сарып ауруының да салқыны тиіп отыр. Ауылда отырып мал ұстамайтын жас отбасылар көп. Әсіресе, аудан орталығында. Қыстық мал азығының кепілді қорын жасақтап алу үшін аудан бойынша 750 мың центнер шөп дайындау жоспарланып отыр. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын дамыту қажет, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Шағуан Ибрагимов.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ақылбек Әмірғалиевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда Орал қаласы мен өңірдің барлық 12 аудан орталықтары табиғи газбен қамтамасыз етіліп, енді барлық елді мекендерді «көгілдір отынға» қосу жұмыстары жалғасуда. Осы орайда Жәнібек ауданы бойынша 2008 жылдан бастап көптеген жобалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, сол жылы Тегісшіл елді мекенінде құны 29,5 млн. теңгені құрайтын АГТС-і бар газ құбыры, 2009 жылы Еңбекші елді мекені арқылы құны 112,4 млн. теңгеге бағаланған Ұзынкөл ауылына және 2011 жылы Ақоба ауылына құны 178,083 млн. теңгені құрайтын газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биыл Ақоба ауылындағы әлеуметтік нысандарды газдандыруға аудандық бюджеттен 26,3 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылысы жүріп жатыр.

Сондай-ақ биыл Көлтабан мен Құрсай елді мекендеріне тармағы бар Ақоба-Жасқайрат газ құбыры құрылысы жобасын  жүзеге асыруға қажетті 285 млн. теңгеден 2012 жылғы бюджеттен 206 млн. теңге бөлінді және 2013 жылға 79 млн. теңге бөлу қарастырылған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылуда.

Жалпы, ауданда 18 елді мекен болса, соның 10-ы газдандырылған, яғни бұл 55 пайызды құрайды. Аудан бойынша 16816 адамның 14998-і газбен қамтылған немесе ол 90,8 пайыз деген сөз.

-Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған  көшпелі кеңесте атқарған жұмысымыздың әр бағыты бойынша бағалау жасалды. Сондықтан бұл шараның біздің жұмысымыздың ілгері  басуына септігін тигізетіндігіне сенімдімін. Өйткені, бүгінгі айтылған ескертпелер бойынша аудан әкімдігі тарапынан қажетті іс-шаралар жоспары жасақталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады, - деді кеңесте сөз алған аудан әкімі Берік Есенғалиев.

Кеңесті қорытындылаған Ғұмар Дүйсембаев алдағы қысқа осы бастан қамданып, жемшөптің қажетті қорын жасақтап алуды, мал басын дамытуды, әлеуметтік мәселелерді назардан тыс қалдырмай, өндіріс көлемін арттыруға баса мән беру қажеттігін тапсырды.