«Жәнібек-Орал» автокөлік жолының нашарлығы ресейлік қандастарымызды да алаңдатып отыр

sp;АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қабиболла Жақыпов таяуда Үкімет басшысының атына сауал жолдап, еліміздің батыс өңіріндегі автокөлік жолының сын көтермейтінін айтқан болатын. ҚазАқпарат тілшісі осы мәселе төңірегінде депутатпен болған сұхбатты назарға тартады.

«Жәнібек-Орал» автокөлік жолының нашарлығы ресейлік қандастарымызды да алаңдатып отыр

- Қабиболла Қабенұлы, осы мәселені көтеруге не себеп болды?

- Мен бұған дейін де Батыс Қазақстан облысының Бөкей Орда, Жәнібек, Қазталов аудандарына баратын жолдың нашарлығын айтып, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған едім. Бұл жолы менің атыма Ресейдің Астрахань және Волгоград облыстарының тұрғындарынан бірнеше хат келді.

Соның ішінде Астрахань облысындағы қазақ қауымдастығының мүшелері:«Біздер, Ресей Федерациясының Астрахань облысындағы қандас бауырларыңыз атынан үлкен өтінішпен хат жазып отырмыз. Қазіргі Қазақстанның Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының Астрахань облысын ежелден әлеуметтік-экономикалық, мәдени және туысқандық тығыз байланыста» - дей келе,  мына жайттарға назар аударыпты.

Олардың көптеген туысқандары, құда-жекжаттары Батыс Қазақстан облысында тұрады. Ал балалары бен немерелері Орал қаласындағы жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарында оқиды, әрине, Ресейде де оқу орындары бар ғой. Ресейдегі қазақтардың мақсаты балалары Қазақстанда оқып, өздерінің тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін ұмытпай, өздерінің қазақ екендерін мақтанышпен сезініп жүрсін деген ой.

Бұрын Одақ болып тұрған кезде темір жол арқылы Қазақстанның қай қаласына болса да қиындықсыз жетіп тұрды, ал қазір Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері, әсіресе, шекаралас аудандарымен қатынас қиындап кетті. Қазір оларға Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласына жету үшін автомобиль жолдарымен 600 шақырым жүру керек. Ал Орал қаласына бару үшін ресейліктер Сайхын арқылы жүреді. Бөкей ордасы ауданы мен Орал қаласының орталығындағы жолдың жағдайы өте нашар, грейдер, тек жазда, күн ашықта жүруге болады.

- Шамасы, соңғы жылдары көршілес облыстардың аудандары арасындағы байланыс дами түскен-ау?

- Иә, жоғарыда айтылғандай, ресейлік қазақтардың балалары арасында Орал қаласына оқуға тілек білдірушілер жыл санап көбейе түскен. Яғни, олар Оралдың жоғарғы оқу орындарында оқығылары келеді. Ал өздері Батыс Қазақстан облысындағы тума-туысқандарымен араласып тұрғысы келеді. Бірақ та осының бәріне Орал қаласына дейінгі жол қатынасының нашарлығы, әсіресе, ауа райының қолайсыз кездері - күз, қыс, көктем мезгілдерінде 5-6 ай бойы жол қатынасының болмауы қиын жағдай туғызуда. Біз сөзбен айтқанда, осы жолдың нашарлығынан тума-туыс, ағайындармен байланыс жыл санап сиреп бара жатқан көрінеді.

Үлкен ақсақалдар жастары ұлғайып қалғанын айта келіп, Қазақстаннан білім алған балалары Қазақстанда жұмыс істеп, қыздары қазаққа тұрмысқа шығып, балалары қазақтан келін алғанын қалайтынын да жасырмайды.

Сонымен қатар, осы жол қатынасының әсерінен тауар айырбасы да нашарлап кетті.

- Сіз бірнеше жыл Батыс Қазақстан облысын басқардыңыз, барлық аудандарының жағдайын жақсы білесіз, әсіресе, шекаралас аудандар мен олардағы жол қатынасы Сізге жақсы мәлім деп есептейміз. Шекаралас аудандағы тұрғындардың ұсыныстары қандай екен?

- Олар болашақта осы Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласы мен Бөкей ордасы ауданының аралығындағы автомобиль жолдарының қатынасын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзаның алдына мәселе етіп қойып, шешуге ықпал етуімді сұрайды.

Ресейден Қазақстан шекарасына дейін жол қатынасы жақсы, әрі қарай Қазақстандағы жол өте нашар екенін жазған. Қандастарымыз: «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде Сізден Ресейде жүрген қандас бауырларыңыздың өтінішін ескеріп, біздерді қинап жүрген осынау жол мәселесіне қол ұшын беріп көмектесуіңізді өтініш етіп сұраймыз және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов мырза да біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмайды деп сенеміз»,- деп аяқталған хаттың соңына 143 адам қол қойған.

- Осы мәселеге қатысты тағы қай өңірден хат келді?

- Сонымен қатар Волгоград облысы, Палласов муниципальды ауданының әкімі Н.Н. Слепуха, Палласов аудандық Думасының төрағасы Р.А.Ақышев, «Самал» Заволжье қазақтары Волгоград аймақтық қоғамдық ұйымының төрағасы Ж.Н. Жолмұханбетов менім атыма хат жолдапты.

Онда Еділді жағалай орналасқан Ресейдің Ленин, Среднеахтубинск, Быков, Николаев, Старополтав және Палласов аудандары Батыс Қазақстан облысымен, оның ішінде Жәнібек ауданымен шектесетінін, бұл өңірде ертеден экономикалық, мәдени және туыстық байланыс қалыптасқанын жазады. Ресейдің аталған аудандарында қазір 60 мыңнан астам қазақтар тұрады. Ресейліктер Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық салада оң өзгерістер болып жатқанын байқап отырғандарын атап өткен.

Көршілес елдің тұрғындарын Қазақстандағы туыстарына жиі қарым-қатынас жасау үшін «Жәнібек-Орал» республикалық маңызға ие автокөлік жолының нашарлығы қатты алаңдатып отыр. Күз бен  көктемде, қысқы мерзімде сазды жолмен жүру мүмкін болмай қалады. Ресей жағынан Жәнібек станциясына дейін асфальт жол бар. Екі ел Президенттерінің келісімдеріне сәйкес әлеуметтік-экономикалық дамуды арттыру үшін шекара-кеден бекеттерінің қызметі біраз оңтайландырылатын болды. Ынтымағы жарасқан көршілес аудандардың қатынасына тек қана автокөлік жолы кедергі келтіріп тұрғанын жаза келіп, осы мәселенің Үкімет тарапынан шешілуіне ықпал етуін, өздерінің өтінішін Қазақстан басшыларына жеткізуді сұрайды.

- Сіз Үкімет басшысына жолдаған сауалыңызды қалай қорытындыладыңыз?

- Астрахан және Волгоград облыстарының қазақ жерімен шектесетін аудандарында 200 мыңнан астам қазақтар тұратынын, олардың атажұрттағы бауырларымен тарихи, туыстық байланыстары үзілмегенін атап өттім. Сондықтан сол өңірдің тұрғындарына және Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық әлеуетін арттыратын автокөлік жолының стратегиялық маңызы зор екенін жаздым. Бүгінгі таңда 520 шақырымдық «Жәнібек-Орал» автокөлік жолының тек қана 135 шақырымына асфальт төселген. Қалғаны жай қаражол. Қиыршық тас та төселмеген. Ең болмаса «Жәнібек-Орал» автокөлік жолына қиыршық тас төселуі үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін қарастыруды сұрадым. Өйткені бұл жол өте маңызды. «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» күрежолына келіп қосылады. Үкімет басшысы оң жауап береді деген сенімім бар.