Жанкүйерінің арманын орындады: Димаш Құдайберген Ақтауда ерекше жанмен кездесті

АҚТАУ. KAZINFORM – Әлемге танымал әнші, қазақ елінің мақтанышы Димаш Құдайберген Ақтауда өткен «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатынанан кейін, 23 жастағы мүмкіндігі шектеулі жанмен кездесті. Оның көптен бергі арманы - сүйікті әншісімен жүздесу болған. 

Жанкүйерінің арманын орындады: Димаш Құдайберген Ақтауда ерекше жанмен кездесті
Фото: видеодан алынған скрин

— Бұл – менің өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі. Димашты сахнадан емес, бетпе-бет көру — ғажап сезім. Арманым орындалды. Өмірімдегі ең әсерлі, ұмытылмас сәт болды, - дейді әншімен кездескен Ерболат.

Айта кетейік, гала концертте Димаштың әндерін жан-тәнімен сезініп, қосылып шырқаған мүмкіндігі шектеулі азаматтың бейнежазбасы тараған еді. Соны көрген әнші жанкүйерімен кездесті. 

— Сенің видеоңды бүгін қаладан шығар алдында көріп қалдым. Ағаларымызға көп рахмет, өтінішімді жерге тастамай, бауырымды тауып беріп, ұшар алдында кездесу ұйымдастырды. Маған тілеулес болып жүргеніңе алғыс, - деп әнші жанкүйеріне естелікке өзінің білезігін тақты. 

Бұған дейін, Президент Ақтауға түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесінің берілуімен құттықтағанын жазған болатынбыз. 

ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев та халықаралық іс-шараның маңыздылығын атап өткен еді. 

Соңғы жаңалықтар