Жануарларды қорғау қоры Қарағандыдағы хайуанаттар бағының қызметкерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғауды талап етуде

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «KARE-қамқорлық» жануарларды қорғау қоғамдық қоры Қарағанды қаласындағы хайуанаттар бағында аюдың қонжығының өлтірілуі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауға шақырып, үндеу дайындауда. Бұл туралы қордың заң секторының үйлестірушісі Мария Байделдинова хабарлады.
None
None

«Дәрменсіз тірі қонжықты жыртқышқа талатты деген жаңалық есі дұрыс кез келген адамның сай-сүйегін сырқыратып, ішкі наразылығын тудырады. Қонжық қаншалықты сырқат, өмір сүруге қабілетсіз болса да, зообақ әкімшілігінің, олардың қызметкерлерінің оған осындай өлім тағайындағандары еш ақылға сыймайды. Зообақ қызметкерлерінің немқұрайдылығы мен өмірі үшін жанталасқан қорғансыз қонжықтың жыртқыштардан жанын арашалауға тырысып, торда аласұрған арпалысын салыстырмалы тұрғыдан қарастырсақ, шарасыз қонжықтың тағдырына қатаң үкім шығарған біз, адамдар, «кемел жаратылыс иесі» атына лайық бола аламыз ба?», - деді М. Байделдинова. М.Байделдинова ҚР Қылмыстық Кодексінде жануарларға мұндай қатыгездікпен қарағандарды жазаға тартатын бап бар екенін атап өтті. Еске сала кетейік, өткен жексенбіде Қарағандыда жұртшылық алдында екі теңбілшер қонжықты талап тастаған. Зообақ әкімшілігі бір жарым айлық қонжық сырқат, өмір сүруге қабілетсіз, оны күту мүмкін болмағандықтан, онымен жыртқыштарды қоректендіруді шешкен. Алайда қызметкерлер бұл әрекетті келушілер жоқ кезде жұмыстан тыс уақытта жасаулары керек болатын. Қонжық жұртшылық алдында таланғандықтан, оқиға көпшілік арасына жылдам тарап кетті. Осыған байланысты, зообақ басшылығы директордың орынбасары мен жыртқыш аңдар секторының меңгерушісіне сөгіс жариялаған.

Соңғы жаңалықтар