Жапон иенасы 40 жылдағы ең төменгі деңгейге жақындады
АСТАНА. KAZINFORM — Иена АҚШ долларына шаққандағы бағамы бойынша соңғы 40 жылдағы ең төменгі деңгейге жуықтап саудаланып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі CNA агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл жағдай Жапония билігінің валюта нарығына араласуы мүмкін деген болжамдарды күшейтіп отыр.
Қазіргі уақытта иенаның бағамы бір АҚШ долларына шаққанда 161,25 иенаны құрап отыр. Бұл — 2024 жылдың шілде айынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Егер бағам 2024 жылғы ең жоғары деңгей — 161,96 иенадан асып кетсе, онда жапон валютасы 1986 жылдан бергі ең әлсіз деңгейіне дейін құлдырайды.
Сарапшылардың пікірінше, Жапония билігі сәуірдің соңы мен мамырдың басында жасағандай, валюта нарығына қайтадан араласуы мүмкін. Сол кезде ел билігі шамамен 11,7 трлн иена (72,54 млрд АҚШ доллары) көлемінде валюталық интервенция жүргізген болатын.
Иенаның әлсіреуіне Ирандағы соғыс та әсер етті. Қақтығыс салдарынан мұнай бағасы күрт өсіп, инфляциялық қысым күшейген.
Daiwa Capital Markets компаниясының Лондондағы экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Крис Скиклунаның айтуынша, иенаға құнсыздану бағытындағы қысым алдағы уақытта да сақталады. Сондықтан жапон билігі ұлттық валютаны қолдау үшін тағы да нарыққа араласуға мәжбүр болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Иранға қатысты мұнай санкцияларын уақытша тоқтататыны хабарланған болатын.