Жапон компаниясы сәбіз бен алмадан апельсин дәмі бар шырын шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Жапондық Kagome Co. компаниясы шикізат бағасының күрт өсуіне байланысты апельсин қолданбай апельсин дәмі бар шырын шығарды, деп хабарлайды Kyodo.
Жапония бойынша супермаркеттер мен күнделікті сауда дүкендерінде жаңа өнім сатылымға шықты. Бұл сусын 100% көкөніс пен жеміс шырынынан тұрады, 195 мл-лік қаптама шамамен 140 иенге сатылады.
Компанияның мәліметінше, апельсин дәмін өздерінің технологиясын қолданып шамамен екі жылдық зерттеу нәтижесінде қалпына келтірген. Шырынның құрамында Жаңа Зеландиядан әкелінген сары сәбіз, алма, сондай-ақ ананас пен лимон бар. Сәбіз табиғи тәттілікті береді, ал алма дәмді толықтырады.
Компания импорттық шикізат бағасының өсуіне байланысты апельсин жемісін қолданбауды шешкен. Жапония негізінен шетелден жеткізілетін өнімдерге тәуелді, бірақ негізгі өндіруші елдердегі, соның ішінде Бразилиядағы егіннің нашарлығы мен валютаның әлсіреуі апельсин шырындарының бағасын көтеріп, уақытша сатылымның азаюына әкелді.
Сыртқы сауда деректері бойынша 2025 жылы апельсин шырындарының импорттық бағасы литріне шамамен 980 иенге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда төрт есе өскен.
Kagome Co. компаниясы атап өткендей, сусынды әзірлеу кезінде тұрақты жеткізіліп тұрған ингредиенттер қолданылды, бұл цитрус нарығының құбылмалылығына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Түркістан облысында табиғи шырын мен балалар тағамы шығарылатыны туралы жаздық.