Жапондар қазақтың балмұздағын жеп жүр - баспасөзге шолу
АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 шілде, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Қазақстандағы барлық өңірлердің «ресми рейтингі» жария болды. Президент Әкімшілігі мен Статистика агенттігі бірлесіп құрған бұл рейтингтің нәтижелерімен Елбасы танысып та шығыпты.
Бұл құжаттан қай облыс әкімінің өзіне сеніп тапсырылған жұмысты табысты атқарып, істі дөңгелентіп әкеткендігі, ал, қайсысының Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыра алмай, шаруасы шатқаяқтап жатқандығы нақты көрініс береді. Бұл «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Ел көрсеткішінің көрінісі» деген мақалаға арқау болған.
Басылымның жазуынша, әр өңір дамуының 47 көрсеткіші есепке алыныпты. Сондай-ақ рейтинг түзуде олардың 2012 жылғы индустриялық-инновациялық даму деңгейлері мен динамикасы 15 көрсеткіші бойынша бағаланған. Бұған қоса, 23 көрсеткішке негізделген әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлері мен динамикасы жөніндегі ішкі өңірлік рейтинг назарға алынған.
Сонымен, «2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі» бойынша Президент Әкімшілігінің рейтингінде бірінші үш тұғырға Атырау облысы, бас қаламыз Астана және Алматы қаласы көтерілді (2011 жылы елорда бірінші орында болатын). Көш соңындағы үш орында оңтүстік өңірлер - Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары орналасты. СтатАгенттік басшылығының өкілі 2010 жылдан бері әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша рейтинг басындағы «үштік» пен оның соңындағы «үштіктің» құрамы еш өзгеріссіз қалып отырғандығын хабарлады.
Президент Әкімшілігінің рейтингі келешекте суырылып, көш басына шығуы мүмкін өңірлерді де анықтаған: «Әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны» көрсеткіші бұдан мүлдем басқаша болып шығыпты. Атап айтқанда, өткен жыл қорытындысы бойынша барынша қарқынды дамушы өңірлердің «үштігін» Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары құраған. Ал ең төменгі орындарды Қостанай облысы мен Астана және Алматы қалалары иеленді. Осы қарқындарынан танбаса және басқа көрсеткіштерін жақсартса, Жамбыл мен Қызылорда облыстары келер жылдары жалпы рейтингтегі соңғы орындарын тастап, биіктей бастауы ықтимал.
Жапония нарығында қымыздан жасалған балмұздақ өтімді болып тұр. Күншығыс еліндегі өнімді Қазақстанның тумасы, белгілі кәсіпкер Елтай Текесов жасайды екен.
Біраз жылдан бері Ресей азаматы атанып, бұл күнде Жапонияда тұратын ол балмұздақтың жаңа түрімен айналысып, жұмысын жолға қойып алыпты. Елтайдың айтуынша, жапондықтардың ас үйінде ыстық тамақтан гөрі, көп жағдайда суық тамақ жиі дайындалады. Мұндайда балмұздақ та өтімді асқа айналатыны рас. Осылайша Елтай қымыздан балмұздақ жасауға тәуекел етіпті, деп жазады «Айқын» бүгінгі санында.
Елтайтың қымызға қызығушылығына жапондық озық технология да әсер етіпті. Нәтижесінде қымыздан таза балмұздақ жасауға қол жеткізіпті. Ол екі жылдан бері өзі өндірген қымыз балмұздағымен жапон нарығына дендеп еніп алыпты.
-Қымызды Қытайдан сатып аламыз. Оның дәмі мен сапасы ерекше. Бірақ қазақ қымызының өзіндік дайындау ерекшелігіне жетпей жататыны байқалады. Сол үшін қымызды Қазақстаннан сатып алуға болар еді, бірақ оны тасымалдау бағасы жапондық бағадан өте жоғары болып тұр. Егер де мүмкіндік болып жатса, оны іске асырудың жолдарын қарастырамыз, - дейді Елтай Текесов.
Мақала «Жапондар қазақтың балмұздағын жеп жүр» деген тақырыппен берілген.
Елімізде 4,2 миллион шылым шегетін азамат бар екен. Сорақысы сол, жыл сайын көк түтінді будақтататын нәзік жандылар мен жасөспірімдердің саны артып барады.
Көбіне 30-55 жас аралығындағы ер азаматтар мен 19-45 жас аралығындағы әйелдер шылымның шырмауына еріп, зардабын тартады екен. Ел ішінде темекімен күрестің сан түрлі әдісі қолданылуда. Тіпті, қазір темекі қорапшалары жан түршігерлік суреттермен шығарылады. Мамандар мұндай қадам темекіге әуес 1 миллион адамды райынан қайтарады деп сендірген еді. Дегенмен, шылым шегушілер қорап сыртындағы суретке селт етпейтін сияқты...
«Айқынның» жазуынша, шілде айынан бастап елімізде шығарылып, сатылатын барлық темекі қорапшаларының сыртында адам шошырлық суреттер бейнеленуі тиіс. Үкімет осындай шешім шығарған болатын. Әйткенмен, темекі өндірушілер сәуір айынан бастап, қорапша сыртына суреттерді орналастырған. Қазір дүкен сөрелерінде немесе темекі шегетін азаматтардың қолындағы қорапшада шылымның зияны туралы ақпарат беретін суреттерді жиі байқайтын болдық. Сәуір айында бұл бастаманы қолдағандар жан түршігерлік суреттер адамды райынан қайтарып, темекі саудасына өзіндік әсерін тигізеді деп сендірген еді. Рас, қорапша сыртындағы суретті көріп, денеңіз түршігеді, тіпті шылым шегушілерге біртүрлі аяушылықпен қараймыз. Бірақ қорап сыртындағы сурет темекіге әуес халықты райынан қайтарды деуге сену қиын.
Басылымның бірнеше адамға салған сауалнамасында көп жылдар бойы темекі шегіп жүрген адамдар суреттан қнша шошынса да, темекіні қойып кете алмағандарын айтқан.
«Зерттеулерге жүгінсек, Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Алматы қаласы және Алматы облысында темекіге әуес азаматтардың саны басым. Көршілес Ресей де темекімен күрес шараларын жан-жақты жүргізуде. Тіпті, қазіргі таңда экраннан көрсетілетін кинофильмдерде шылым шегушілерді көрсетуге және театр сахнасында темекісі бар эпизодтарды көрсетуге толыққанды тыйым салыныпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының топшылауынша, ХХІ ғасырда темекі 1 миллиард адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Жыл сайын әлем бойынша шылымның зардабынан 6 миллион адам қайтыс болады екен. Ал біздің елімізде шылымға әуес жандар қорапшадағы суретке селт етер емес. Өкінішке қарай, темекі сатушылар қорап сыртындағы қорқынышты көріністер адамдарды үркітпейтінін айтады. Үкімет қаулысы енді ғана іске қосылды. Кім білсін, бәлкім алдағы уақытта шылымнан бойын аулақ ұстап, райынан қайтатын азаматтар табылар...» - дейді мақала авторы. Мақала «Суретке қарап, темекіні тастағандар бар ма?» деген тақырыппен беріліп отыр.
***
«Литер» газетінің жазуынша, Жамбыл облысында ауыл әкімдігінің қызметкерлерін соттаған бірнеше іс аяқталыпты. Басылымның жазуынша, олардың барлығы тұрғындарға жер теліміне байланысты мәселелерді шешіп береміз деп пара алған жерінен қолға түскен екен. Мақала «Земельный вопрос испортил жамбылских чиновников» деген тақырыппен берілген.
***
«Время» газетінің жазуынша кешенді тестілеуден өте алмай қалған бір топ талапкер бойларын кернеген ашу-ызасын темір қоршаулардан алған көрінеді. Былтыр ҰБТ-дан өте алмай қалған немесе колледж бітірген талапкерлер жуырда кешенді тестілеуден өткені белгілі. Солардың ішінен биыл тағы да жолы болмай қалған жеткіншектер тестілеу өткізілген орталықтардың темір қоршауларын қиратып кеткен. Мақала «Дебил-шоу по-шымкентски» деген тақырыппен беріліп отыр.