Жапондық хайуанаттар бағы тастанды маймыл тұрған аумақта суретке түсуге шектеу қоюы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Итикава қаласындағы хайуанаттар бағы ғаламтордың жұлдызына айналған Панч есімді жапон макакасы тұрған вольерде фото және видео түсіруге толық тыйым салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Мұндай шешімге өздерін АҚШ азаматы ретінде таныстырған екі ер адамның заңсыз вольер аумағына кірген оқиғасы түрткі болды, деп жазды Kyodo.

Жапондық хайуанаттар бағы тастанды маймыл тұрған аумақта суретке түсуге шектеу қоюы мүмкін
Фото: X / @ichikawa_zoo

Жапонияның Тиба префектурасындағы Итикава қаласының хайуанаттар бағы жексенбі күні болған оқиғадан кейін Панч тұрған вольердің айналасындағы буферлік аймақты кеңейтті және қорғаныш торларын орнатты.

Іс бойынша өздерін 24 жастағы университет студенті және 27 жастағы әнші ретінде таныстырған екі ер азамат бақтың жұмысына әдейі кедергі жасаған деген күдікпен ұсталып, сейсенбі күні прокуратураға тапсырылды.

Тергеу деректері бойынша ер адамдар алдын ала сөз байласып, жексенбі күні шамамен сағат 10:50–де вольерге кірген. Панчтың образында киінген жас жігіт қоршаудан секіріп бетон вольерге кіріп, суретке түскен. 

Итикава қаласының зоологиялық және ботаникалық бағы бөлімінің бастығы Такаси Ясунага бұл оқиғаны жануарлар денсаулығы мен зообақ қызметкерлеріне қауіп төндіру деп атады.

— Біз мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, — деді ол.

Панч шілде айында дүниеге келгеннен кейін оны анасы тастап кеткен, осыдан соң зоомамандар оған орангутан ойыншығын сыйлаған. Кейін ол осы ойыншық арқылы әлемге танымал болды. Қаңтар айынан бастап макака бақтағы басқа маймылдарға қосыла бастады. Зообақ мамандары оның күнделікті өмірін әлеуметтік желіге жариялай бастады. Осыдан кейін хайуанаттар бағына келушілердің қатары көбейді.