Жапония елшілігі Қытайдағы азаматтарын сақ болуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Чжухай қаласында болған көлікпен адамдарды басып кету оқиғасынан кейін Жапонияның Қытайдағы елшілігі 12 қараша күні жапон азаматтарына қауіпсіздік ескертуін жариялады, деп хабарлайды RFI халықаралық француз радиосы.
Елшілік жапон азаматтарына «жапон тілінде қатты сөйлемеуге» және «назар аудартатын әрекеттерден аулақ болуға» кеңес берді.
Елшіліктің мәлімдеуінше, қазірге дейін бұл оқиғадан зардап шеккен жапон азаматтары туралы ақпарат жоқ, бірақ Қытайда соңғы уақытта бірқатар қанды оқиғалар тіркелген.
Елшілік жапон азаматтарына жергілікті әдет-ғұрыптарды құрметтеуге, айналаға сақ болуға және көпшілік орындарда сергек болуға шақырды.
Сонымен қатар, түнгі уақытта жалғыз жүрмеуге және күндіз де жалғыз сапарларды азайтуға кеңес берілді.
Айта кетейік, 11 қараша, дүйсенбі күні, Қытайдың оңтүстігіндегі Чжухай қаласында ер адам көлікпен көпшілікке соғылып, 35 адам қаза тапты. 43 адам ауыр жарақат алған.