Жапония инженерлік мамандықтардағы әйелдер үлесін екі есеге арттырмақ
АСТАНА.KAZINFORM — Жапония үкіметі әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жаңа саясатты бекітті, деп хабарлайды Jiji Press.
Құжатта университеттердегі инженерлік мамандықтарда оқитын қыздардың үлесін 2025 жылғы 18 пайыздан 2040 жылға қарай 36 пайызға дейін арттыру мақсаты көзделген.
Ел үкіметі жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер өндірісі және аэроғарыш саласы секілді стратегиялық маңызы бар 17 бағытта әйелдердің қатысуы мен мансаптық өсуі жеткіліксіз деңгейде екенін мойындады.
— Әйелдердің белсенді қатысуын арттыру арқылы Жапонияның кадрлық әлеуетін нығайту үшін осы саясатта көрсетілген шараларды жедел жүзеге асырамыз, — деді Премьер-министр Санаэ Такаити гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі штабтың бірлескен отырысында.
Жаңа саясат аясында үй шаруасын жүргізу және бала күтімі қызметтерін пайдалануды қолдауға арналған салықтық және өзге де жеңілдіктер қарастырылады. Бұл әйелдердің жұмысын, бала тәрбиесін және жақындарына күтім жасауды қатар алып жүруіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар билік өкілдері ресми құжаттарда әйелдердің қыз кезіндегі тегін пайдалануға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістерді қарастырмақ. Бұл бастаманы Премьер-министр бұрыннан қолдап келеді.
Бұған дейін Жапония халықаралық туристік салықты 3000 иенге дейін көтеретіні туралы жазған едік.