Жапония мен БҰҰДБ Каспий теңізін қолдау үшін жаңа бастаманы іске қосып жатыр

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Жапония Үкіметі су ресурстарын басқару мен мониторингіні жетілдіру, сондай-ақ елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту арқылы Қазақстанға Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне ден қоюға көмектесетін құны 3 миллион АҚШ доллар болатын бірлескен жобаны іске қосып жатыр.

п
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бастаманы Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп іске асыратын болады.

Жоба сонымен қатар экологиялық орнықтылықты арттыруға бағытталған және Орталық Азия мен Кавказды байланыстыратын маңызды көлік және экологиялық дәлізде су ресурстарын орнықты басқаруды дамытуды қолдайды. Ол Жапония Үкіметінің өткен жылдың желтоқсан айында өткен «Орталық Азия + Жапония» Диалогы мен Саммиті аясында айтылған Транскаспий халықаралық көлік бағытын қолдау жөніндегі бастамасына сәйкес келеді.

а
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Каспий теңізі — Еуразияның маңызды экологиялық аймақтарының бірі және 400-ден астам эндемикалық және қоныс аударатын түрлер үшін тіршілік ету ортасы.

Биоалуантүрлілік, балық аулау, экономикалық орнықтылық және аймақтағы миллиондаған адамдардың әл-ауқаты тікелей оның жағдайына байланысты. Теңіз екпінді түрде таязданып жатыр: бұған климаттың өзгеруі, температураның өсуі, буланудың жоғарылауы, өзен ағынының азаюы және су ресурстарына жүктеменің артуы әсер етеді.

Каспий теңізінің деңгейін өзгерту мәселесі бүгінде бүкіл Каспий өңірі үшін аса өзекті сын-қатерлердің бірі болып табылады. Теңіз деңгейінің үздіксіз төмендеуі экожүйеге, биоалуантүрлілікке, су ресурстарына, экономикалық қызметке және Каспий маңы аумақтары халқының әл — ауқатына кешенді әсер етеді, - деп атап өтті Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев.

Жоба су ресурстарын басқару және су деңгейін төмендетуге бірлесіп ден қою мәселелерінде Каспий маңы мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге көмектеседі. Экологиялық деректермен алмасу, іс-қимылдарды үйлестіру және мониторингті дамыту, әсіресе Каспийдің ең осал солтүстік бөлігіне және өзен салалары аудандарына басты назар аударылады.

Бүгін біз Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне, экожүйелердің құлдырауына және су ресурстарына жүктеменің артуына байланысты елеулі сын-қатерлердің туындағанын көріп отырмыз. Бұл процестер уақытылы және үйлестірілген шешімдерді қажет етеді. Жобаны іске асыру су ресурстарының мониторингі мен басқару жүйесін нығайтуға, сондай-ақ Каспий теңізінің экожүйесін сақтау үшін мемлекетаралық ынтымақтастықты күшейтуге көмектесетініне сенімдімізм, - деп атап өтті Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

Жапония Үкіметі БҰҰДБ-ның орнықты дамуды ілгерілетудегі және 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму күн тәртібіне сәйкес адамдардың неғұрлым әділ және орнықты болашақ құру мүмкіндіктерін кеңейтудегі елдерді қолдаудағы негізгі серіктестерінің бірі болып табылады. Қазір Жапония Үкіметінің қолдауымен Қазақстандағы БҰҰДБ гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін нығайту, қалалардың апаттар мен климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру, сондай-ақ Орталық Азиядағы төтенше жағдайларға дайындықты дамыту бойынша үш жобаны іске асырады. Жаңа жоба осы әріптестік аясындағы төртінші бірлескен бастама болады және апат тәуекелдерін азайту және климаттық орнықтылық саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады.

в
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Жапония өңірлік ынтымақтастық, ғылыми мониторинг және халықаралық әріптестік арқылы Каспий теңізінің деңгейін төмендету мәселесін шешуде Қазақстанды қолдау мүмкіндігін мақтан тұтады, - деп атап өтті Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Ииджима.

Жоба шеңберінде Солтүстік Каспийдің қазіргі заманғы мониторинг және зерттеу әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Бастама сондай-ақ су ресурстарын басқару климаттың өзгеруіне бейімделудің негізгі бағыттарының бірі ретінде бөлінген Қазақстанның ұлттық деңгейде айқындалатын жаңартылған үлесінде (ҰДАҮ) белгіленген басымдықтарды қолдайды.

Бұл жоба Қазақстанның ұлттық климаттық басымдықтарымен тікелей байланысты. Ол деректер негізінде шешімдер қабылдауды нығайтуға және елдің орнықты дамуы үшін су ресурстарын кешенді басқаруды дамытуға көмектеседі, - деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

Жоба сондай-ақ Қазақстанның климаттық және табиғатты қорғау міндеттемелерін, соның ішінде ҰДАҮ-ны, ұлттық бейімделу жоспарын және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық стратегия мен іс-қимыл жоспарын іске асыруға ықпал ететін болады. Сондай-ақ БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосатын болады.

Айта кетейік, Каспий мәселесі Бакудегі әлемдік форумда көтерілді.