Жапония өзінің отандық ЖИ саласын дамытуға 6,34 млрд доллар бөледі
АСТАНА. KAZINFORM — Жапония үкіметі отандық жасанды интеллектіні дамыту мақсатында алдағы бес жылда шамамен 1 триллион иен (6,34 млрд доллар) бөлуді жоспарлап отыр. Қаражат SoftBank Group бастаған онға жуық компания қатысатын жаңа ЖИ компаниясын қолдауға бағытталмақ. Бұл туралы Kyodo жазды.
Жоба 2026 қаржы жылынан басталып, елдегі ең ірі базалық жасанды интеллект моделін мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында әзірлеуді көздейді. Бұл шешім Қытай мен АҚШ-пен технологиялық бәсекеге төтеп беру және ұлттық қауіпсіздікті нығайту мақсатында қабылданған.
Жаңа компанияға SoftBank пен Preferred Networks-тің шамамен 100 инженері тартылады. Үкімет сондай-ақ жартылай өткізгіштермен қамтамасыз етуге және деректер орталықтарын дамытуға қолдау көрсетпек.
«Жапония жасанды интеллектіні қолдану жағынан артта қалып отырғандықтан, үкімет негізгі базалық жоспар әзірлеуді көздеп отыр. Аталған жоспарды жақын арада Министрлер кабинеті бекітуі тиіс. Құжатта үкімет ұлттық қуатты нығайту және цифрлық алшақтықты қысқарту үшін отандық жасанды интеллектіні дамыту мен деректерді өңдеу орталықтарын қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтпек», деп жазды Kyodo.
Сонымен қатар Жапония робототехникамен ұштасқан «физикалық ЖИ»-ді дамытуға басымдық беруді жоспарлап отыр.
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне енгізуді ұсынды.
Ал отандық маман Қазақстан жасанды интеллектіні жедел енгізбесе, бәсекеден қалып қоюы мүмкін екенін айтты.