Жапония сайлау кезінде әлеуметтік желілерді пайдалану талаптарын күшейтті
АСТАНА. KAZINFORM — Жапония парламенті сайлау науқаны кезінде әлеуметтік желілерді пайдалану ережелерін күшейтетін заңды қабылдады, деп хабарлайды Kyodo.
Жаңа заң кандидаттар туралы жалған ақпарат таратуды шектеп, жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген материалдарды жариялауға жаңа талаптар енгізеді.
Құжаттың мақсаты — сайлау үдерісінің ашықтығын арттыру, сөз бостандығын қорғау және азаматтарды кандидаттар туралы сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету.
Заңға сәйкес, әлеуметтік желі платформалары сайлау кезінде жалған ақпараттың таралуын шектеу үшін тиісті шаралар қабылдауға міндетті болады.
Жапонияның Ішкі істер және коммуникациялар министрлігі жаңа талаптарды іске асыру жөніндегі ұсынымдарды әзірлеп, олардың орындалуы туралы жыл сайын есеп жариялап отырады.
Сонымен қатар заңда жаңа талаптарды орындамаған платформаларға қатысты жаза қарастырылмаған. Осыған байланысты сарапшылар оның тиімділігіне күмән келтіріп отыр.
Сондай-ақ сайлауға қатысты жасанды интеллект арқылы жасалған немесе өңделген суреттер мен бейнероликтерді жариялаған пайдаланушылар мұндай контенттің ЖИ көмегімен әзірленгенін немесе өңделгенін міндетті түрде көрсетуі тиіс.
Ілеспе қаулыда платформаларға жалған ақпаратпен күресті күшейту үшін күмәнді контентті монетизациялауды тоқтату, ресми ақпарат көздерінің жарияланымдарын көбірек көрсету және пайдаланушыларға ескерту белгілерін орналастыру ұсынылған.
Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 наурыздан бастап, Жапонияда өтетін кезекті бірыңғай жергілікті сайлау қарсаңында күшіне енеді.
Айта кетелік Жапонияда ядролық қаруды әкелуге тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр.