Жапонияда 5,9 балдық жер сілкінісі тіркелді: апат қайталануы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның оңтүстік-батыс жағалауында магнитудасы 5,9 балды құрайтын жер сілкінісі болды. Бұл туралы Kazinform агенттігі Kyodo-ға сілтеме жасап хабарлады.
Жапонияның метеорология агенттігінің дерегіне сәйкес, жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша таңғы 11:46–да болған. Апат ошағы Окинава префектурасының негізгі аралының жағалауында, шамамен 50 шақырым тереңдікте орналасқан.
Метеорологиялық агенттік жер сілкінісін Жапонияның сейсмикалық көрсеткіші бойынша 7 балға бағалады.
Мамандардың айтуынша, бұндай жағдайда адам аяғында нық тұра алмайды. Сондай-ақ ғимараттағы ыдыс-аяқ, кітаптар және жиһаздар құлауы мүмкін.
Агенттік күшті жер сілкінісі алдағы бір апта ішінде, 2-3 күнде қайталануы мүмкін екенін ескертті.
Жергілікті билік пен полиция мәліметінше, қаза тапқандар жоқ, тұрғындардың мүлкіне айтарлықтай зиян келмеген.
Сонымен қатар цунами қаупі туралы ескерту жарияланбады.
Бұдан бұрын Қытайдың оңтүстігінде жер сілкінісінен екі адам қаза тапқанын жазғанбыз.
Аударған: Дария Ғұмар