Жапонияда атом-электр стансаларындағы радиацияның деңгейі нормадан 1000 есеге асып отыр

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Токио электр-энергетикалық компаниясының мамандары, Хонсю аралының Фукусима префектурасындағы атом-электр стансасында радиацияның сыртқа таралу ықтималдығын жоққа шығармайды.

Жапонияда атом-электр стансаларындағы радиацияның   деңгейі  нормадан 1000 есеге  асып  отыр

Бұл туралы ВВС телекомпаниясы хабарлады.

"Реактор ауданындағы радиацияның деңгейі межелі нормадан 1 мың есеге асып отыр", - дейді мамандар.

Жапония Премьер-министрі Наото Кан атом-электр стансасының төңірегіндегі 10 шақырымдай аумақтағы барлық тұрғындарды жедел көшіріліп жатқанын мәлім етті. Шамамен 45 мыңдай адам қауіпсіз аумаққа көшіріледі.

Токио электр-энергетикалық компаниясының мамандары Фукусима стансасындағы 1 , 2 және 3-ші ядролық реакторлардағы қысымды бақылай алмай отыр. Осыған орай төтенше жағдай жарияланды.

Стансадағы ахуалдың ушығып бара жатқаны бұған дейін хабарланған болатын. Мамандар реакторлардың ішіндегі қысымды төмендету үшін радиоактивті буларды біртіндеп шығаруға тырысуда. Инженерлер зілзала салдарынан зақымданған стансаның салқындату жүйесін қайта іске қосуға әрекет етіп жатыр.

Фукусимадағы атом-электр стансасы әлемдегі ең ірілерінің бірі.