Жапонияда екі арал үш күннің ішінде бір-бірінен 10 сантиметрге алыстап кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Жапон зерттеушісі елдің оңтүстік-батысындағы екі шағын арал үш күн ішінде бір-бірінен шамамен 10 сантиметрге алыстап кеткенін анықтады. Бұл туралы Kazinform агенттігі NHK World-Japan арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Соңғы апталарда Кагосима префектурасындағы Токара аралдар тобы маңында сейсмикалық белсенділік күшейіп отыр.
Тохоку университетінің Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің профессоры Ота Юсаку жер қыртысының қозғалысын зерттей келе, 2 шілдеде болған магнитудасы 5,6 жер сілкінісінен кейін үш күн ішінде Кодакарадзима аралы солтүстік-батысқа қарай 6 см, ал Такарадзима аралы оңтүстікке қарай 3,5 см жылжығанын анықтаған.
Бұған дейін екі арал да солтүстік-шығыс бағытында қозғалып келген.
Профессордың айтуынша, мұндай қарама-қарсы бағыттағы қозғалыс алғаш рет тіркеліп отыр.
Ота Юсаку бұл ығысуға жер сілкінісінің өзі себеп болмауы мүмкін екенін айтты, себебі жер сілкінісінің қуаты мен эпицентрдің аралдардан алшақтығы ондай өзгеріске әкелетіндей күшті болмаған.
Сондай-ақ профессор қазіргі жағдайда бұл құбылыс ірі жер сілкінісіне әкеле ме, жоқ па — әзірге нақты айту қиын екенін атап өтті.
Ол бұл құбылыстың себебін түсіну үшін өткен кезеңдердегі геодезиялық деректерді зерттемек.
Айта кетейік, бұған дейін Жапонияда бір жарым апта ішінде 900-ге жуық жер сілкінісі болған еді.