Жапонияда «Дуцзюань» тайфуны нөсер жаңбыр мен лай көшкінін туындатып, адамдар қаза болды

АСТАНА. KAZINFORM- «Дуцзюань» тайфуны Жапонияның шығыс бөлігіне нөсер жаңбыр әкеліп, су тасқыны мен лай көшкінін тудырды. Соңғы мәлімет бойынша Канагава префектурасында бір әйел қаза тапқан, тағы бірнеше адам із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды Reuters.

Сотни тысяч человек эвакуированы в Китае из-за тайфуна «Долфин»
Фото: Xinhua

Ең күрделі жағдай Токио мен оған іргелес префектуралар орналасқан Канто өңірінде қалыптасты. Ұзақ уақыт жауған нөсердің салдарынан лай көшкіні жүріп, үйлер мен жолдарды су басты.

Канагава префектурасының Йокосука қаласында лай көшкіні тұрғын үйді басып қалды. Құтқарушылар үйінді астынан 64 жастағы әйелді алып шыққанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Көршілес Миура қаласында лай көшкіні екі қабатты тұрғын үйді ішінара басып қалған. Қазір онда іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Kyodo агенттігінің мәліметінше, лай көшкінінен із-түзсіз жоғалғандар саны төрт адамға жетті.

Табиғи апат Тиба префектурасына да айтарлықтай зиян келтірді. Онда тұрғын үйлер мен көшелерді су басты. Ал Содегаура қаласында жолға түскен топырақ үйіндісімен көлігі соқтығысқан әйел жарақат алды.

Жекелеген аудандарда жауын-шашын мөлшері рекордтық деңгейге жетті. Идзу-Осима аралында тәулік ішінде 670 мм-ден астам жаңбыр жауды. Тиба префектурасының бірқатар қаласында тәуліктік жауын-шашын мөлшері бойынша тарихи рекорд жаңарды. Кимицуда 377,5 мм, Фунабасиде 341,5 мм, Итихарада 328 мм жауын-шашын түсті.

Жапонияның метеорологиялық агенттігі лай көшкіні, су тасқыны, өзендердің арнасынан шығуы, қатты жел және биік толқын қаупі туралы ескерту жариялады.

Бұған дейін Идзу аралдарындағы Осима қаласында лай көшкіні қаупіне байланысты ескертудің ең жоғары, бесінші деңгейі жарияланған болатын. Синоптиктер сондай-ақ қысқа уақытта су тасқынын тудыруы мүмкін қатты жауын-шашынның сызықтық аймақтары қалыптасуы ықтимал екенін ескертті.

Метеорологтардың мәліметінше, 21 қыркүйек кешке тайфунның орталығы Тиба префектурасының жағалауынан оңтүстік-шығысқа қарай орналасып, солтүстік-шығыс бағытта жылжыған. Тайфун орталығындағы қысым шамамен 960 гектопаскаль болды. Желдің максималды жылдамдығы 40 м/с-қа, екпіні 55 м/с-қа жетті.

Қолайсыз ауа райы көлік қатынасына да айтарлықтай әсер етті. Japan Airlines әуе компаниясы ішкі бағыттар бойынша шамамен 120 рейсті, All Nippon Airways шамамен 140 рейсті тоқтатты. Тиба мен Ибараки префектураларында және Токионың батыс бөлігінде кейбір теміржол желілерінің қозғалысы толық немесе ішінара тоқтатылды.

Еске салайық, бұған дейін Жапонияға тағы да тайфун жақындап келе жатқаны туралы жаздық.