Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жапонияда Super Mario стиліндегі жүгіру жарысы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның Саппоро қаласында 13 қыркүйекте Super Mario стилінде безендірілген тематикалық жүгіру жарысы өтеді. Қатысушыларды әйгілі бейнеойындар сериясындағы әуендер, Nintendo кейіпкерлері, фотоаймақтар және естелік сыйлықтар күтеді, деп хабарлайды Kyodo.

Жапонияда Super Mario стиліндегі жүгіру жарысы өтеді
Фото: Pexels

Ерекше спорттық шара Хоккайдо аралында өтеді және Жапонияда алғаш рет Super Mario тақырыбында өтетін жүгіру жарысы болмақ.

Іс-шараны Doshin EC Inc. компаниясы ұйымдастырады. Ұзындығы 2,5 шақырым болатын бағыт Саппородағы Daiwa House Premist Dome стадионының іші мен айналасын қамтиды. Қатысушылар бүкіл қашықтық бойы Super Mario ойындарындағы музыканы тыңдайды.

Жапонияда Super Mario стиліндегі жүгіру жарысы өтеді
Фото: Kyodo

Жүгірушілер үшін Марио және франшизаның басқа да кейіпкерлерімен арнайы фотоаймақтар дайындалады. Ұйымдастырушылар мәреде тосынсый болатынын да уәде етті.

Тіркелген әрбір қатысушыға фирмалық футболка, кепка, сүлгі және шектеулі сериямен шығарылған естелік медаль табысталады. Сондай-ақ іс-шара өтетін аумақта эксклюзивті тауарлар сатылады.

Жарысқа ең көп дегенде 6 мың адам қатыса алады. Тіркелу іс-шараның ресми сайтында жүргізіледі. Қатысу құны жоғары сынып оқушылары мен ересектер үшін 6 600 иенді (шамамен 41 АҚШ доллары), ал үш жастан бастауыш сынып жасына дейінгі балалар үшін 5 500 иенді құрайды.

Жүгіруге қатыспайтын қонақтар да іс-шара алаңына кіре алады. Олар үшін балалар ойын аймақтары ұйымдастырылып, Nintendo Switch 2 ойын консолін сынап көруге мүмкіндік беріледі.

Nintendo компаниясы 1985 жылы шығарған Super Mario франшизасы әлемдегі ең танымал бейнеойындар серияларының бірі саналады. Оның басты кейіпкері – сантехник Марио – ойын индустриясындағы ең танымал бейнелердің біріне айналған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Голливудтың «Наруто» анимесіндегі рөлдерге әлемнің түкпір-түкпірінен жасөспірімдерді іздеп жатқаны хабарланған.