Жапонияда зілзала құрбандарының саны 200 адамнан асты
Исикава префектурасы мен орталық Жапонияға жақын аудандарда болған зілзала құрбандарының саны 202 адамға жетті, тағы 102 тұрғын із-түзсіз жоғалғандар қатарында тұр. Kazinform бұл туралы Kyodo News агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сика ауылында жаңа коронавирус жұқтырғандар тіркелгені туралы ақпараттан кейін билік өкілдері инфекциялық аурулар тарап кетуінен қауіптеніп отырғанын мәлімдеді. Себебі 28 мыңнан астам адам әлі де Исикава префектурасының эвакуациялық орталықтарын паналап отыр.
Билік өкілдерінің айтуынша, кей аудандарда, әсіресе Вадзима мен Судзуда жолдар қирап, қалың қар жауғандықтан кемінде 3300 адам оқшауланып қалған.
Сейсенбі күні қорғаныс министрі Минору Кихара құтқару жұмыстарына қатысып жатқан қорғаныс күштері қызметкерлерінің саны тағы 200 адамға артып, 6300-ге жеткенін мәлім етті.
Сондай-ақ сейсенбіде премьер-министр Фумио Кисида кабинеті жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін резервтегі қордан 4,74 млрд иен ($33 млн) бөлу шешімін мақұлдады.
Бұған дейін қаза тапқандар саны 168-ге жеткенін хабарлаған едік.