Жапониялық кәсіпорындар Қытайдан кетіп жатыр
АСТАНА.KAZINFORM — Қытайдағы жапон компанияларының саны азайып келеді. Әсіресе шағын және орта бизнес субьектілерінің өндіріс көлемін қысқартуға, қызмет аясын өзге елдерге жылжытуға немесе Қытай нарығынан толықтай кетуге шешім қабылдауы жиілей түскен. Бұл туралы сингапурлық Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.
Басылымның мәліметінше, жапониялық Teikoku Databank компаниясының деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қытайда жұмыс жүргізіп тұрған жапон кәсіпорындарының саны шамамен 13 мыңдай болған. Бұл көрсеткіш 2012 жылғы рекордтық деңгеймен салыстырғанда 10 пайыз аз. Сарапшылардың дені жапон кәсіпорындарының Қытай нарығына белсенді түрде ірге кеңейтуі аяқталды деп санайды.
Басылымның жазуынша, Жапонияның «JETRO» инвестициялық агенттігі 2025 жылы Қытайдағы жапон компаниялары арасында алдағы бір-екі жылға арналған бизнес-жоспарлар турасында сауалнама жүргізген.
Сауалнамаға қатысқан 784 кәсіпорынның тек 21,3 пайызы ғана Қытайдағы қызметін кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтқан. Бұл 2007 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Ал 14,4 пайызы бизнес көлемін қысқартуды, өндірісті өзге елге көшіруді немесе Қытай нарығынан біржола бас тартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Зерттеу бойынша, жапон компанияларының 64,3 пайызы қазіргі қызмет көлемін сақтап қалуды көздейді.
Қытайдағы жапон компаниялары өз қызметіне кедергі келтірген негізгі факторлар ретінде жалақы шығынының өсуін және нарықтағы бәсекелестіктің күшеюін атаған. Әсіресе шағын және орта кәсіпорындар үшін жаңа клиент тарту қиындай түскен. Жапон компанияларының көпшілігі ұзақмерзімді перспективада Қытайды маңызды нарық ретінде қарастырғанмен, жергілікті кәсіпорындардың нығаюы салдарынан сын-қатердің күшейе түскенін де жасырмайды.
2003 жылы Шанхайда бөлімшесін ашқан жапониялық Quick консалтинг компаниясы Қытайдағы жапон кәсіпкерлеріне еңбек заңнамасы бойынша кеңес берумен айналысып келген. Компанияның мәліметінше, 2003 жылдан кейін Қытай нарығына аяқ басқан жапон кәсіпорындарының саны күрт өсіп, консалтинг қызметіне сұраныс артқан. Алайда 2020 жылдан кейін Қытай нарығына бағытталған жапон компанияларының саны азая бастаған.
Басылымның мәліметінше, COVID-19 пандемиясынан кейін Қытай экономикасының өсімі баяулап, АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтік текетірестің ушығуы іскерлік ортаға айтарлықтай әсер еткен. Бұдан бөлек, бірнеше жапон азаматының Қытайдың тыңшылыққа қарсы заңы бойынша айыпталуы да кей компаниялардың инвестициялық тәуекелдерді қайта бағалауына ықпал еткен.
2024 жылы Quick компаниясының кірісі сәйкес мезгілдегіден 35 пайызға төмендеп, шамамен 470 мың юань көлемінде шығынға ұшыраған.
Компания 2025 жылдың соңында Қытайдағы қызметін тоқтатты.
Компания төрағасы Кавагути Итироның айтуынша, бұл шешімді қабылдауға тәуекелдердің күшеюі негіз болған.
— Тәуекелдер айқындала түсті. Сондықтан бұл дұрыс шешім болды деп есептеймін, — дейді ол.
Бұған дейін жазғанымыздай, Қытай 2030 жылға қарай орташа өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыруды жоспарлап отыр.