Жапонияның бұрынғы сыртқы істер министрі Қазақстан Президентінің БҰҰ реформасы жайлы ұстанымын қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагути Silk Way телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ университетінде оқыған дәрісі туралы пікір білдіріп, оның екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі жөнінде айтып берді.

Жапонияның бұрынғы сыртқы істер министрі Қазақстан Президентінің БҰҰ реформасы жайлы ұстанымын қолдады
Фото: Видеодан алынған кадр

— Қазақстан Президентінің дәрісінде бірқатар маңызды тақырыптар қозғалды. Атап айтқанда, БҰҰ мен «орта державалар» деп аталатын елдердің өкілдігін кеңірек қамту мақсатында Қауіпсіздік кеңесін реформалау қажеттігі туралы айтылды. Осы мәселеге қатысты сіздің пікіріңіз қандай? Сондай-ақ жапон философиясына тән мақсаттар бірлігі туралы айтылған ойын қалай бағалар едіңіз? Қазіргі әлемде, мысалы, Жапониямен ынтымақтастық арқылы тұрақтылық пен тепе-теңдікді қалай сақтауға болады деп ойлайсыз?

— Ең алдымен, оның дәрісі маған өте күшті әсер қалдырғанын айтқым келеді. Бұл жан-жақты, кең ауқымды мәселелерді қамтыған баяндама болды. Сіз атап өткен БҰҰ, екіжақты қарым-қатынастар, сондай-ақ ел ішіндегі және жаһандық халықаралық институттардағы реформаларға қатысты көзқарастары да қамтылды.

Жеке өзіме оның идеялары өте жақын, әрі ол осы бағытта өзге мемлекеттерді біріктіруге арналған бастамаларға жетекшілік ете алады деп есептеймін. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, БҰҰ реформалауды қажет етеді және бұл процесті кейінге қалдыруға болмайды.
Шешім қабылдау процесіне Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері саналатын жетекші державалар ғана емес, басқа да елдердің де қатысуы маңызды. Менің ойымша, орта державалар шын мәнінде маңызды рөл атқарады және атқаруы қажет. Бүгінде БҰҰ-ға 193 мемлекет мүше, олардың басым бөлігі — дәл осы орта державалар. «Үлкен бестік» ең жоғары сатыда тұрғанымен, оның астында көптеген орта елдер орналасқан, оларға анағұрлым салмақты рөл беру қажет. Мен бұл пікірмен толықтай келісемін. Әрине, бұл үшін уақыт пен байыпты талқылаулар қажет болады. Дегенмен диалогты қазірден бастау керек, ал Қауіпсіздік кеңесінің жұмыс форматын қайта қарау керек. Бұл өте күрделі міндет, бірақ оны айналып өту мүмкін емес.

— Жалпы алғанда, Қазақстанның сыртқы саясаттағы рөлін қалай бағалайсыз? Президент бүгін Қазақстанның араағайындық әлеуеті мен көпжақты дипломатияны дамыту туралы да айтты. Қазақстан болашақта халықаралық қауымдастықта осындай рөл атқара ала ма?

— Иә, әрине. Бүгінде көпжақты тәсіл біртіндеп әлсірегенімен оның маңызы әлі де аса зор. Егер біз оны қалпына келтіре алмасақ, әлем хаос пен державалар арасындағы тартысты бәсекеге ұрынуы мүмкін. Ал көпжақтылық қағидалар мен халықаралық тәртіпті қалыптастырады.

Қазіргі уақытта бұл жүйенің барлық элементтерін бірден қалпына келтіру мүмкін емес шығар, алайда олардың кейбірін міндетті түрде жаңғыртып, іске асыру қажет. Қазақстан — өңірлік держава әрі Орталық Азияның көшбасшысы саналады, сонымен қатар оның сыртқы саясаты өңір аясынан да асып жатыр.

Менің түсінуімше, әңгіме «Ибраһим келісімдерін» қолдау туралы да болып отыр және мұны дұрыс қадам деп санаймын. Қазақстан өзге елдерге көмек көрсетуді бастап кетті, тіпті тиісті қолдау институтын да құрды. Бұл қадамдар Қазақстанның жаһандық тұрғыда ойлайтынын және халықаралық миссиясын жүйелі түрде жүзеге асырып отырғанын көрсетеді. Мен мұны толық қолдаймын және осындай бастамалардың жүзеге асырылып жатқанын көргеніме шын жүректен қуаныштымын.

— Сөз соңында, ертең өтетін «Орталық Азия — Жапония» саммиті қарсаңында жиыннан қандай нәтиже күтесіз?

— Мен арадағы ынтымақтастықтың осы деңгейге шыққанына қуаныштымын. Президент Тоқаевтың сөзін тыңдай отырып, Орталық Азия елдерінің дамуына, технологиялық өзгерістерге және екіжақты қатынастарға қатысты өзара іс-қимылдың жаңа кезеңге өткенін байқадым. Қазір біз келесі сатыда тұрмыз және алға жылжуға дайынбыз. Ертеңгі кездесудің қандай нәтижелерге жеткізетіні мені шынымен де қызықтырады.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетіне барып, «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбында дәріс оқыды.

Соңғы жаңалықтар