Жапонияның инжиниринг компаниясы Қатардағы жұмыстарын қайта жандандырмақ
АСТАНА. KAZINFORM - Таяу Шығыста екі апталық бітім жарияланғаннан кейін Катардағы газ жобаларында жұмыс істейтін шетелдік мердігерлер қызметін қайта бастау мүмкіндігін бағалап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Жапонияның инжиниринг-құрылыс компаниясы Chiyoda Қатардағы сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттағы құрылыс жұмыстарын қайта бастау жоспары барын мәлімдеді. Компания қызметкерлері дрон шабуылынан кейін Рас-Лаффан индустриялық қаласындағы нысандар аумағынан эвакуацияланған болатын.
Биыл наурыз айында Рас-Лаффандағы дрондар мен зымырандар шабуылынан соң жұмыстар тоқтап, ауқымды сұйытылған табиғи газ экспорттық кешенін кеңейту жобасының іске қосу мерзімі шегерілді. Бұл жобаға мердігер ретінде Chiyoda компаниясы да қатысады. Жобаны іске қосу осы жылдың соңына жоспарланған еді.
Наурыз айының басында әлемдегі ең ірі газ жеткізушілердің бірі — QatarEnergy дрон шабуылдары салдарынан сұйытылған табиғи газ өндірісі тоқтатылғанын хабарлаған. Кейін компания газ жеткізілімдері бойынша форс-мажор жариялады.
Компания басшылығы инфрақұрылымға келтірілген залалды қалпына келтіру бес жылға дейін созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Иран Дональд Трамп соққыларды тоқтату туралы мәлімдеме жасағаннан кейін екі апталық бітімге келіскені хабарланған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы бітім туралы келісімді құптады.