Жапонияның Такахасиінде ауа температурасы 40,4°C-қа жетті
ТОКИО. KAZINFORM — Бейсенбі күні Жапонияның көп бөлігінде аптап ыстық сақталды. Кейбір өңірлерде екінші күн қатарынан ауа температурасы Цельсий бойынша 40 градустан асып, адам өміріне қауіпті деңгейге жетті. Бұл туралы Жапонияның метеорологиялық агенттігі (JMA) хабарлады, деп жазды Синьхуа.

Агенттік мәліметінше, қауіпті ыстық негізінен Жапонияның батыс өңірлерін қамтыды. Окаяма префектурасындағы Такахаси қаласында күндіз ауа температурасы 40,4 градусқа жеткен.
Сағат 15:30-дағы (жергілікті уақыт бойынша) көрсеткіштер бойынша:
-
Киото префектурасындағы Фукутияма қаласында – 39,5°C,
-
Ямагути префектурасындағы Ивакуни қаласында – 39,3°C,
-
Хиого префектурасындағы Нисиваки және Хиросима префектурасындағы Акиота қалаларында – 38,9°C тіркелген, деп хабарлайды JMA.
Бейсенбі күні Жапонияның 47 префектурасының 34-інде күн өту қаупі туралы ескерту жарияланды.
Синоптиктер тұрғындарға ыстықтан қорғану шараларын сақтауға кеңес берді:
– кондиционерлерді қолдану,
– жеткілікті мөлшерде су және тұз тұтыну,
– ашық ауада болғанда жиі үзіліс жасау ұсынылды.
Бұған дейін хабарланғандай, Грекияда 68 градустық аптап ыстық болып, билік тұрғындарды сақ болуға шақырған еді.