Жарық пен тамақ жоқ: Израиль Газаны толық оқшаулағанын мәлімдеді

Израиль Қорғаныс министрі Йоав Галлант Газаның толық оқшауланғанын мәлім етті. Ол жақта қазір жарық, тағам және отын жоқ. Израиль ХАМАС лаңкестік тобымен күресіп жатқандықтан Қорғаныс министрі осындай бұйрық бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Жарық пен тамақ жоқ: Израиль Газаны толық оқшаулағанын мәлімдеді
Фото: pixabay.com.

«Мен Газа секторын толықтай оқшаулауға бұйрық бердім. Жарық, тағам, отын да болмайды, бәрі жабық», - деп мәлім етті Галлант ЦАХАЛ Оңтүстік қолбасшылығы Беэр-Шевте жүргізген бақылаудан кейін.

Израиль әскері Газа секторында қоршауға алынған екі қашқындар лагері – Джабалия мен Аш-Шатиге әуеден соққы жасады. Аль-Шати мешіті де жарылды. Жарақат алған ондаған адам Газа қаласындағы негізгі Аш-Шифа ауруханасына жеткізілді.

Сенбі күні палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, ел соғыс жағдайына көшкеннен кейін бірқатар мемлекет азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырғанын еске сала кетейік.

Израиль әскерінің ресми өкілі дүйсенбі таңертең қазіргі уақытта барлық елді мекенді бақылап отырғанын, Израиль аумағында әскери іс-қимыл болып жатпағанын мәлім етті. Дегенмен ол Израиль аумағында әлі де Хамас әскері болуы мүмкін дейді.

Бүгін ХАМАС Тель-Авивтегі әуежайға зымыран ұшырғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар