Жарылғыш зат бар: Атырауда жалған хабар кесірінен рейс кейінге қалдырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ер адам қол жүгінде жарылғыш зат бар деп мәлімдеген, бірақ тексеріс нәтижесінде ақпарат расталмады.
Жолаушыларды эвакуацияланған сәт түсірілген видео жергілікті БАҚ-та жарияланды. Аталған жайтты көліктегі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Оқиға 8 қараша күні болған.
- Атырау қаласының әуежайында «Атырау - Алматы» бағыты бойынша рейске тіркелу кезінде ер адам қол жүгінде жарылғыш зат бар екенін айтып, жалған ақпарат таратқан. Аталған дерек бойынша көліктегі полиция департаменті Қылмыстық кодексінің 273-бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») бойынша қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды, - делінген ресми түсініктемеде.
Сонымен қатар оқиғадан зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ екені және әуежай жұмысы қалыпты режимде жалғасып жатқаны нақтыланды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтау–Шымкент рейсінде бомба барын айтқан әйел психоневрологиялық диспансерде есепте тұр.