Жарыс алдында медальмен оралатынын айтты – Олимпиада жүлдегері Ислам Сәтпаевтың анасы
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды. Осыған орай Kazinform тілшісі Ислам Сәтпаевтың анасы Әлия Сәтпаевамен хабарласып, аз-кем әңгімелесті.

Әлия Сәтпаева ұлының жеңісін білгенде көз жасына ерік бергенін айтады.
– Таңертеңнен бері теледидарды қосып, жарысты күтіп отырдық. Жүлде алғанын білгенде жылап қалдым. Қатты қуандым. Баламның жеңісіне ризамын. Қазақстан менің ұлымды өсірді. Қазақ еліне алғысым шексіз, - деді ол.

Олимпиада жүлдегерінің анасы Ислам Сәтпаевтың жарыс алдындағы дайындығы қалай өткенін айтып берді. Оның сөзінше, спортшы анасына жарыс алдында елге жүлдемен оралуға уәде берген.
– Олар Парижге дейін оқу-жаттығу жиындарына кетіп, сол жақта қонып, сол жақта өмір сүрді. Әрдайым жаттығумен жүрді. Дайындығы ойдағыдай өтті. Халін сұрап, хабарласқан кезде маған: «Анашым, уайымдама, бәрі дұрыс, дайындалып жатырмын» деп айтатын. Сосын ол Олимпиадаға жолдама алған кезде қатты қуанды. Париж ыстық дейді. Барлығы ұнағанын айтты. Жарыс алдында «күтіңіздер, бұйырса медальмен келемін» дегені бар, - деді спортшы анасы.
Сондай-ақ Әлия Сәтпаева ұлының нысана көздеу спортын өзі ұнатып, таңдағынын ерекше атап өтті.
– Отбасымызда ешкім спортшы болған жоқ. 7 сыныпта оқып жүргенде осы спортқа өзі барды. Кейін нысана көздеу ұнап, аталған спорт түрінен жеткістіктерге жете бастады, - деді Әлия Сәтпаева.