Жария тыңдау: Елордада 2025 жылы жылу тарифі өзгере ме

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жылу тарифі өзгеруі мүмкін. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Астана — Теплотранзит» АҚ өкілі Алматы ауданы әкімдігінде өткен жария тыңдауда осы мазмұндағы ұсынысын баяндады. Бұл өтінімді қала тұрғындары қызу талқыға салды.

коммуналдық қызметтер
Фото: Pixabay

Жария тыңдауға қала тұрғындары, Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Қанат Құлназаров, Астана қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты негізде жұмыс істейтін тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек, Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Мустафин және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында «Астана — Теплотранзит» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Серік Амангелдинов көпшілікке жаңа тариф жобасын таныстырды. 

«Елордадағы жылу желілерінің ұзындығы — 1083 км. Қызмет көрсетуде 14 сорғы станциясы бар. Жылу желілерінің физикалық тозуы 54,4 пайызды құрайды. 2024 жылға жылу энергиясын беруге бекітілген бұл тариф республика бойынша ең төмені саналады. Ол бір гигакалорияға 1515,1 теңгені құрайды. Табиғи монополиялар туралы ҚР заңының 22-бабын басшылыққа ала отырып «Астана — Теплотранзит» АҚ 2025 жылғы тарифті қайта қарау туралы өтінім дайындады», - деді ол. 

Компания келтірген деректерге сай, бүгінде Қарағандыда бір гигакалория 4636,29 теңге, Алматыда 4457,82 теңге, Петропавлда 3529,38 теңге, Павлодарда 3446,66 теңге, Семейде 2075,47 теңге тұрады. Астана осы бес қаладан кейін алтыншы орында тұр. 

Серік Амангелдинов жаңа тариф бойынша елордада жылу қаншалықты қымбаттауы ықтимал екенін айтты. 

«Жаңа тариф жобасына сай, бас қалада бір гигакалория 2198,98 теңгеге бағаланған. Яғни, өсім бір гигакалорияға — 684 теңге немесе қолданыстағы тарифке қарағанда 45,1 пайыз жоғары», - деді ол. 

Оның айтуынша, 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама жобасында қаржыны 2 млрд 228 млн теңгеге ұлғайту қарастырылған. Бұл жылу трассаларының ұзындығы артуымен, жобалау құнының өсуімен (17 нысан жаңғыртылады) байланысты. 

Жаңа тариф саясатын қалыптастыруға электр энергиясы құны, орташа жалақы көлемінің өсуі де өз ықпалын тигізген. Одан бөлек жылу желілері ұзындығының артуына байланысты жылу жоғалту көрсеткішінің де өсетіні есептелген. 

Баяндамашы осы және өзге де көптеген себептерді атап, жаңа тарифтің қажеттілігіне сендіріп бақты. 

Жергілікті қоғамдастық өкілдері өз кезегінде бұл цифрлардың ашықтығына көз жеткізу үшін компанияға мемлекеттік аудит жүргізуді ұсынды. 

Сондай-ақ, баяндамашының жылу желілерінің жылу жоғалтуы бойынша берген мәліметтерін тексеру үшін қоғамдық мониторинг жүргізу керегі айтылды. 

Одан бөлек, «Астана — Теплотранзит» АҚ салған жаңа жылу желілеріне жұмсалған қаржы тұтынушылардың қалтасынан шықпауы керегі ескертілді. 

Тіпті, тарифті көтерудің орнына бұл компанияны «еркін экономикалық аймақ» деп танып, 12 пайыздық қосылған құн салығынан босату бастамасы көтерілді.

Соңғы жаңалықтар