Жаркент өңіріндегі ежелгі Ілебалық қаласының орны қазылуда

ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылының іргесіндегі ежелгі Ілебалық қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаркент өңіріндегі ежелгі Ілебалық қаласының орны қазылуда

Ежелгі Ұлы Жібек жолы өтетін Жаркент жері тұнған тарих: әйгілі Қашқар сапарында Шоқан бабамыз түнеген Ақкент, айнала қоршалған биік те қалың қорғаны мен ішіндегі әртүрлі там тамтықтары арқылы қазір де аумағы анық айқындалып жатқан Түргенкент,  Басқұншы ауылының бас жағындағы  қаптаған обалар, Қойбын шатқалынан батысқа қарай шыға берістегі Шолақсу төбесінен табылған балбал тас және тағы да басқалары бар. Енді міне, жергілікті тұрғындардың өзін  таң-тамаша етіп, бұл қатарға тарихтан тағы бір тың да тосын жаңалық қосылды. Әйгілі Түргенкент қорғанының оңтүстігінде екі-үш шақырымдай жерде жатқан Үшарал ауылының шығыс іргесінен ежелгі қаланың орны табылған.  

Ауыл адамдары алдымен  ол жерден қорған  қалдықтарын аңғарған. Ондағы тастай қатты кірпіштерді қазып алып, қазан-ошақ жасау, там  қалау, тағы басқа да сол тәрізді сан-қилы қажеттіліктеріне жаратқан. Сонымен қоса,  әр алуан пішіндегі  тиын-тебендер тауып алған. Одан соң бұл тосын жаңалық тиісті орындардың назарына ілігіп, арнайы  археологиялық   қазба жұмыстарына жалғасқан.
null 

«Бұл тарихи маңызы аса зор мекен - ХІІІ ғасырдағы «Ілебалық» қаласының орны.  Мұнда қазір «Ғылымның дамуы» бағдарламасы аясындағы  «Ғылыми зерттеулерді  гранттық қаржыландыру» бағыты негізінде  «Ұлы Жібек жолы: қалалар - рухани мәдениетті, конфессиялар  мен сакралды дәстүрлерді жақындастырудың орталығы»  тақырыбы бойынша  жұмыс жүргізілуде. Нәтиже жаман емес. О бастағы ғылыми болжамдарымыздың барлығы шетінен дәлелденіп келеді», - дейді осындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетекшісі,   елімізге белгілі археолог,  тарих ғылымдарының кандидаты  Дөкей Әбдікерімұлы Тәлеев.

Археологиялық қазбалар  жүргізіліп жатқан жер әжептәуір аумақты алып жатыр. Соның ішінде  екі-үш метр тереңдікке дейін қазылып,  құмды топырақтан аршылып, тазаланған үлкен ғимараттың орны  бірден көзге шалынады.  Қазба жұмыстарын жүргізу жетекшісі Әли Сералиевтың айтуынша, бұл  өз заманындағы өте   ауқатты адамның моншасының орны.
null 

«Оның бірі - жуынатын бөлме. Еденінің өзіне  жалпақ тастар төселген. Отырып жуынатын  тас  орындықтардың қалдығы да сақталған. Тағы бір бөлмесі - ыстық булы орын. Едендегі дөңгелек тесік құбырды байқасаңыздар - ол канализация, яғни, кәріз  жүйесіне жалғасқан», - дейді әли Серәлиев.

Айта кетерлігі, Әли Серәлиев  бұдан бұрын ежелгі  Отырар қаласының орнындағы қазба жұмыстарын жүзеге асыруға атсалысқан тәжірбиелі маман. Асқан  ыждаһаттылық пен жоғары жауапкершілікті талап ететін  маңызды іске Фараби Ераханов, Сағыныш Сыздықов секілді білікті мамандар да мұқият кіріскен.