«Жарқын болашаққа бірлескен қадам» - баспасөзге шолу

***
Кеше Байқоңыр ғарыш айлағынан Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаевтан кейін үшінші қазақ азаматы ғарышқа ұшты. Бұл туралы, әрине, еліміздің, сондай-ақ шет елдердің басылымдары жарыса жазуда. «Айқын» республикалық басылымы бүгінгі санының бірінші бетін Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапарына арнаған.
«2015 жылғы 2 қыркүйек күні қазақ ғарыш тарихына тағы бір есім жазылды. Ол ғарышкер - Айдын Айымбетов. Астана уақыты бойынша сағат 10.37-де Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-ТМА-18М» ғарыштық кемесі ұшты. Экипаж құрамында кеме командирі, ресейлік ғарышкер Сергей Волков, бортинженерлер - Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен мен Қазақстан Республикасының ғарышкер-сынақшысы Айдын Айымбетов. Алаңда экипаж ұшырылымын жүздеген адам тамашалады. Олардың ішінде Қазақстанның вице-премьері Бердібек Сапарбаев, «Роскосмос», «Қазғарыш», Еуропалық ғарыш агенттігінің басшылары, ғарышкерлердің жақын-туыстары бар. Баласын ғарыш сапарына шығарып салу үшін Айдын Айымбетовтің анасы Жұмагүл апа, Сергей Волковтың әкесі - ғарышкер Александр Волков, экипаждың барлық үш мүшесінің зайыптары мен балалары келді», - деп жазады басылым. Қазақ ғарышкерінің көкке сапары туралы бұл басылымның «Қазақ ұланы ғарышқа аттанды!» деген мақаласынан толық оқи аласыздар.
Еліміздің ең үлкен қоры - «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшылығы жылына 345 млн. теңге көлемінде бонустық сыйақы алады екен. Бұндай ақпарат ғаламтор арқылы тез тарады. «Айқын» газетінің жазуынша қордың қаржы директоры-басқарма мүшесі Нұрлан Рахметов пен Адам ресурстары басқармасының бас директоры Дэниель Крюсберг шұғыл түрде шақырылған тілшілердің алдына шығып, осы мәселеге қатысты түсініктеме берген. «Жыл қорытындысы бойынша бонустар күллі әлем бойынша да қордың директорлар кеңесінің шешімі бойынша ғана менеджментке төленеді және олардың мөлшері қызметтің нақты негізгі көрсеткіштері бойынша мақсаттарға қол жеткізу дәрежесіне тәуелді. Алайда үш жылдық жалақыдан аспауы қажет. Яғни бонустар қатаң түрде заңнамаға сәйкес төленеді. Ал әңгімеге айналған 345,5 млн теңге көлемінде сан - бұл жалақы мен жылдық бонусты қоса алғанда 2014 жылы қор басқармасының мүшелер алған сыйақының жиынтық сомасы. Нақтылап айтқанда 2014 жылы алынған жылдық бонус, бұл - 2013 жылдың жұмысы нәтижесінде, менеджментке аударылған бонус болып табылады. 2013 жыл-дың осы бонустары бірнеше мәрте талқыланған болатын. Мұнда жеке табыс салығы мен аударымдар да қосылады. Сондықтан да, жалақы мен аударымдар сомасын алып тастасақ, 2013 жылғы басқарманың барлық мүшелеріне аударылған жылдық бонустың мөлшері 185,5 млн теңгені құрайды. Қор басқармасында алты адам барын ескерсек, орташа жылдық бонус 31 млн теңгеге тең», - деп жазады Н.Рахметовтің сөзін басылым. Ал, қордың басқарма төрағасы Ө.Шөкеевтің бұл бонусты неге алмай жүргенін білгіңіз келсе, «Айқын » газетінің бүгінгі санындағы «Ш өкеев бонустан бас тартып жүр» деген мақаланы оқыңыз.
***
Ал, «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарын жазуды жалғастыруда. Кеше Елбасы Бейжіңде мемлекеттік сапары аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, Қытай Коммунистік партиясының Орталық Комитеті жанындағы Партия мектебінде болды. Бұл туралы жаза келе басылым: «Елбасы кеше сондай-ақ, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжан Дэцзянмен кездесті. Кездесуде екі елдің парламентаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайдың заң шығарушы органдары басшыларының тұрақты байланыстары мемлекетаралық ынты-мақтастықтың негізгі бағыттарын жүзеге асыру үшін тиімді құқықтық алаң қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті», - деп жазады. Мемлекет басшысының өзге де екі жақты кездесулері мен партия мектебіндегі дәрісі туралы «Жарқын болашаққа бірлескен қадам» атты мақаладан оқи аласыздар.
«Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерейтойы аясында биыл қазақтың батырлары мен хандары туралы біраз деректер жарияланды. Алайда, қазақ деген елдің шекарасын бекітіп, жауды шегіндіру үшін күрескен қаншама батырдың әлі атын да білмейміз. Соның бірі - Ер Жауғаш Қырбасұлы туралы бүгін «Егемен Қазақстан» газеті ауқымды мақала ұсынып отыр. «Ол туралы ел аузындағы ескі әңгімелер мен жәдігер жырлар, тарихи деректер жеткілікті бола тұра, тіпті жауға шапқандағы қару-жарақтарының, пайдаланған бұйымдарының ұстыны осы күнге дейін сақталып келсе де, батырдың ерлігіне лайықты әңгіме аз қозғалатын сияқты. Біздің ойымызша, оның бір себебі, ол Алматы облысының жерінде дүниеге келіп, жастық шағын Жамбыл облысының жерінде, ал саналы ғұмырының көбісін арқадағы Абылай жанында өткізгендігі болу керек. Сондықтан да батырдың қайдан шыққанын, ата-тегін шатастырушылар болды. Мысалы, Қайым Мұқамедханұлының «Кім жетер Қабанбайға дуа қонған» деген мақаласында: («Қазақ әдебиеті», 7.02.1992) «Абылай сәске көтерілгенше амалдап, тыныс алмақшы болып, бітім сөйлесейік деп, Қораласұлы Ер Жауғаш (арғын) деген жігітті елшіге жібереді» деп жазды. Ал шын мәнінде - Ер Жауғаш Қораласұлы емес, Қырбасұлы. Қоралас руынан шыққан. Арғы тегі - Дулаттың Ботпайы деп көрсетті кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған шағын пікірінде профессор Темірбек Қожакеев (17.04.1992)»,-деген дерек келтіріп отыр басылым. Елші Ер Жауғаш Қырбасұлы туралы мәлімет білгіңіз келсе, «Егеменнің» бүгінгі санындағы «Ер Жауғаш» атты зерттеу мақалаға көз жүгіртіңіз.
***
Ал, «Экспресс-К» газетінің хабарлауынша, әнші Мақпал Исабекова саңырау және мылқау адамдардың тілін үйреніпті. Әнші жаңа бейнебаянын барынша әсерлі еткісі келген болу керек, «Хабарласпа» деген әніне клип түсіру үшін осы қадамға барған.
«Жаңа бейнебаянда әнші өзінің драматикалық талантын ашып, мылқаудың күйіне енген. Сүйтіп, сүйіктісіне енді мазаламашы деп жалынған сәтін керең адамның кейпінде көрсетеді. Әнші өз бейнебаянының сапасы мен сценарийіне көңілі толатынын айтты», - деп жазады басылым. Отандық шоу-бизнестегі бұл жаңалық туралы Экспресс-К газетінің бүгінгі санындағы «Тот, кто не понял твоего молчания, вряд ли поймет твои слова» деген мақаладан оқи аласыздар.